Контрабандамен айналысқан қылмыстық топ басшысы Әзірбайжаннан экстрадицияланды
Контрабандамен айналысып, мемлекетке 4 млрд теңге көлемінде шығын келтірген қылмыстық топтың басшысы ұсталды. Оны Бас прокуратура мен Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері Әзірбайжаннан тапқан. Бұл жайлы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
«Бас прокуратура және Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің көмегімен ұйымдасқан қылмыстық топты құрғаны және оның қызметіне басшылық еткені үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Әзірбайжаннан Қазақстан азаматын экстрадициялады»,– делінген хабарламада.
Бас прокуратураның хабарлауынша, күдікті 2016-2018 жылдары аралығында Қазақстанға халық тұтынатын тауарларды контрабандалық жолмен әкелумен айналысқан. Ол осылайша кедендік төлемдер мен салықтарды төлеуден жалтарған. Күдікті контрабандалық қызметін жүзеге асыру мақсатында қылмыстық топ құрып, оны өзі басқарған. Нәтижесінде мемлекетке 4 миллиард теңгеден астам шығын келтірілген.
Қылмыс жасағаны белгілі бола бастағанда, тергеуден жасырынып, шетелге қашып кеткен. Артынша құзырлы органдар оған халықаралық іздеу жариялаған.
Кейін оның Әзірбайжанда жүргені анықталып, Қазақстаның Бас прокуратурасы Әзірбайжан Республикасының Бас прокуратурасына оны ұстап беру туралы сұрау салған. Екінші тарап бұл сұрауды қанағаттандырған.
Қазіргі уақытта күдікті Ақтау қаласының тергеу изоляторына қамалған. Аталған қылмысты жасағаны үшін оның мүлкі тәркіленіп, жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін.
Прокуратураның хабарлауынша, 2019 жылдың желтоқсанында Маңғыстау облысының соты осы ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметіне қатысы бар 12 адамды түрлі жазаға соттаған.
Еске сала кетсек, 23 қарашада Қазақстанда алаяқтық жасаған күдікті Латвиядан экстрадицияланды. Бас прокуратураның хабарлауынша, 2016 жылы күдікті өзіне тиесілі емес пәтерді сатқан топ құрамында болған. Ол пәтерді сатып алушыға 12 млн теңге залал келтірді деген күдікке ілініп отыр.
Осыған дейін салымшыларды 1,2 млрд теңге шығынға батырып, Украинада жасырынып жүрген «LIDER» қаржы пирамидасының басшысы елге қайтарылғанын хабарлаған едік.
Ал 22 қараша бас прокуратура қаржы пирамидасын құрды деген күдіктінің Грузия аумағында ұсталғанын хабарлады. Оны елге қайтару бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Тергеу ісіне сәйкес, аталмыш қаржы пирамидасы қазақстандықтарға 3,6 млрд теңгеден астам шығын келтірген. Қылмыстық іс бойынша 600-ден астам жәбірленуші бар.