Министрлік жұмысы реттелмеген – депутат Су ресурстары министрлігін сынға алды

Жарияланды (жаңартылды )
Гидротехникалық нысандардың 60 пайызы тозған / Фото: kursiv.media

Сенат депутаты Серік Шайдаров Су ресурстары министрлігінің жұмысын сынға алды. Ол премьер-министрге жолдаған сауалында гидротехникалық құрылыстардың 60 пайызы ескіргенін айтты.

«Жыл сайын елде су тасқыны болады. Билік су тасқынының алдын-ала алмай, бүгінде салдарымен күресіп жатыр. Бұл су тасқынына қарсы шаралар лайықты деңгейде жүргізілмейтінін көрсетеді. Қазақстанда 1500-ге жуық гидротехникалық нысан бар. Олардың 1000-ға жуығы коммуналдық меншікте. Көбісі жөндеу көрместен, 50 жыл қатарынан пайдаланылып келеді. Бұл құрылыстар өте қауіпті нысан саналады. Олардың тозуы 60 пайызды құрайды. Су кодексіне сәйкес оларға көп кезеңді тексеру жүргізілуі керек», – деді депутат.

Депутаттың айтуынша, мұндай тексеруден небары 117 нысан өткен. Коммуналдық меншіктегі 79 нысан тексерілген. Бұл бар болғаны 8 пайызды құрайды. Сонымен бірге 2024 жылға 20 өңірдің тек бесеуінде су қоймаларын көп кезеңді тексеруден өткізуге қаражат бөлу жоспарланған.

«2025-2026 жылдарға ешқандай облыста қаржы көзделмеген. Бұған қолданыстағы заңнаманың жетілмегені себеп болып отыр», – дейді Шайдаров.

Сенатордың айтуынша, мұндай құрылыстарды пайдалану, күтіп ұстау және жөндеу үшін қаржы керек. 2010-2012 жылдары иесіз бөгеттерді анықтау қорытындысы бойынша олардың барлығы сот шешімімен аудандық коммуналдық меншікке өткен. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, оларды аудандар облыстық коммуналдық меншікке беруі керек болған. Бірақ бұл жұмыс аяқталмаған. Қаражат бөлінбеген.

«Гидротехникалық құрылыстардың шамамен 75%-ы аудандық коммуналдық меншікте. Мәселені қысқа мерзімде зерделеп, заңнамаға өзгерістер енгізу керек. Аудандар мен қалаларға өкілеттік берілуге тиіс. Облыстағы жергілікті атқарушы органдардың гидротехникалық құрылыстарды күтіп ұстау және пайдалану жөніндегі мемлекеттік кәсіпорындар құру құқығы функциясы бар. Осы орайда гидротехникалық құрылыстарды облыстық және аудандық коммуналдық меншікке жатқызу шарттарын айқындау қажет деп санаймыз», – деді сенатор.

Сонымен бірге Шайдаров әрбір елдімекеннің бас жоспары болуы керек екенін айтты. Заң бойынша Су ресурстары және ирригация министрлігі кешенді жобалық құжаттама негізінде елдімекендерді табиғи құбылыстардың техногендік әсерінен сақтауға міндетті. Бұл құжат негізінде ауылдар табиғи апаттан қорғалуы керек.

«Мұндай жұмыстар жүргізілді ме, жоқ па, тексерілуі керек. Қандай елдімекендерде инженерлік қорғау бойынша қанша инвестициялық жоба жүзеге асырылды? Қалай жүзеге асырылды? Бәрі тексерілуі керек. Министрлік жұмысы реттелмеген. 10 жыл бұрын Су ресурстары министрлігі қарғын суды жинау жөніндегі үлкен жобаны жүзеге асыратынын мәлімдеген. Қоймалар салып, су нысандарына жөндеу жұмыстарын жүргізіп, өзен арналарын тазалауы керек болған. Бұл жоспар тек қағаз жүзінде қалды. Осы жоспардың орындалуын тексерген дұрыс. Бұл орайда институционалдық және жүйелі шаралар қолданбаса, барлық бөлінген қаражат осылайша Төтенше жағдайлардың салдарымен күресуге кетеді», – дейді сенатор.

Еске сала кетсек, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов су басқан өңірлерде және басқа да өңірлерде гидротехникалық құрылыстарды пайдалану және басқару бойынша коммуналдық ұйымдар жоқ екенін айтты. Осыны ескере отырып, Ақмола, Ақтөбе, СҚО, Жетісу, Қостанай, Қызылорда, Қарағанды, Абай және Ұлытау облыстарының әкімдіктеріне үш ай мерзімде коммуналдық меншіктегі гидротехникалық құрылыстарды пайдалану және басқару жөніндегі мамандандырылған ұйым құру тапсырылды.

Сонымен бірге Қазақстанда Жерасты су ресурстарын басқарумен айналысатын «Қазгидрогеология»  ұлттық гидрогеологиялық қызметі» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылады. Бұл компания деректер қорын және гидрогеология және геофильтрациялық модельдер, цифрлық және картографиялық деректер қоры саласындағы тұрақты жұмыс істейтін геоақпараттық жүйелерді және жерді қашықтықтан зондтау деректерін қолдана отырып, оларды басқару жүйелерін құруға тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз