Ақмола облысының Атбасар қаласын су басты: Жабай өзеніндегі су деңгейі 6 метрден асқан
Ақмола облысында орналасқан Атбасар қаласын су басты. Жабай өзенінде су тез көтеріліп жатыр. Осыған орай қала әкімі Аманбек Калжанов өңірде Төтенше жағдай жариялап, халыққа үндеу жолдады. Қалада дабыл қағылып жатыр.
«Жабай өзеніндегі су деңгейінің күрт көтерілуіне байланысты таңғы 4:43 шамасында 6 жер учаскесіне су жайылды. Салдарынан қаланы су басты. Су деңгейі қауіпті 5.95 метрге дейін көтерілді. Әлі де көтеріліп жатыр. Осыған байланысты су басатын аймақ тұрғындарына қауіпсіз орындарға көшу ұсынылады», – деді әкім.
Әкім тұрғындарға арнайы эвакуациялық орындар дайындалғанын айтты. Сонымен бірге су тасқынынан зардап шеккен халыққа көмек беріліп, үйлері қалпына келтірілетінін жеткізді.
Өңір әкімдігінің соңғы ақпаратына сәйкес су деңгейі 6,1 метрге дейін көтерілген. Қауіпті деңгей 4,45 метрді құрайды.
Атбасарды осымен үшінші рет су басып жатыр. Мұның алдында қала 2014 жылы, 2017 жылы су астында қалған. Өзен жағалауы маңында орналасқан 130-ға жуық үй суға кеткен. 100-ден астам адам эвакуацияланған. Кей тұрғындар үйлерінен кетуге келіспеген.
Өңірлік ТЖД хабарлауынша, қалада ескерту жүйелері іске қосылған. Халықты эвакуациялау, сондай-ақ объектілер мен тұрғын үйлерді қорғау бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр.
«Қазіргі уақытта мотопомпалардың көмегімен еріген суды сору жұмыстары жүргізілуде. Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің 400-ден астам адамы мен 100 бірлік техникасы жұмылдырылды»,- делінген ТЖД хабарламасында.
Еске сала кетсек, сәрсенбі күні СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те су тасқыны қаупіне байланысты үндеу жариялады. Ол облыс орталығына үлкен көлемде су келе жатқанын айтты. Су тасқыны Есіл өзені бойында орналасқан елдімекендерге қауіп төндіреді. Олар – Пребрежная, Тепличная, Заречная елдімекендері.
«Біз осы күнге дейін су тасқынының алдын алу мақсатында бөгеттер құрдық. Елдімекендерді барынша судан қорғауға тырыстық. Алайда бұл шаралар жеткіліксіз болуы мүмкін. Өйткені Петропавл қаласына қарай өте үлкен көлемдегі су келе жатыр. Премьер-министрлің бірінші орынбасары Роман Склярдың тапсырмасы бойынша Заречный аулының тұрғындары эвакуацияланып жатыр», – деді әкім.
Айта кетсек, Есіл өзеніне құятын Сергеев су қоймасындағы су деңгейі 425 см көтерілген. Бұл көлемдегі су Шал ақын, Есіл, Қызылжар аудандары мен Петропавл қаласына қауіп төндіреді.
Қазгидрометтің» СҚО-дағы директоры Қымбат Мерғалимова су қоймасындағы судың қауіпті деңгейге көтерілгенін айтты. Қоймадан аққан артық су Есіл ауданына 14 сәуір күні жетеді. Ал Қызылжарда 21 сәуірде, Петропавлға Сергеевка су 12-14 сәуірде келе бастап, 23 сәуірге дейін жалғасады.