Ақтөбе облысының судан зардап шеккен халқына 162,7 млн теңге бір реттік төлем берілген. Бұл жайлы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
«Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға қажетті көмек көрсету үшін барлық шаралар қабылдануда. Оның ішінде, біржолғы әлеуметтік төлемдер жүргізу белсенді түрде жалғасуда. Ақтөбе және Әйтеке би ауданының тұрғындары үшін төлем мөлшері 300 мың теңгені құрайды. Қалған аудандардың тұрғындары үшін бұл төлем 369 200 теңгені құрайды. Бүгінгі күнге барлығы 1026 өтінім қабылданып, жалпы сомасы 162,7 миллион теңгеден асатын 504 отбасыға төлем жасалды»,– делінген хабарламада.
Азаматтардың төлем алу үшін тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту бөлімдеріне жүгіну қажет екені айтылған.
Сонымен бірге Қостанай облысында да судан зардап шеккендерге бір реттік төлем беріле бастаған. Өңір әкімдігі 114 млн теңгеден аса қаражатты 620 отбасыға берген.
Су тасқынынан зардап шеккендер өтемақыны қалай алады?
Еске сала кетсек, үкімет тасқын судан зардап шеккендерге өтемақы беру алгоритмін әзірледі. Бекітілген алгоритмге сәйкес шығынды өтеуге тұрғындар апат басталған күннен бастап, күнтізбелік 30 күн ішінде өтініш білдіруі керек.
Өз кезегінде әкімдік өтініш тіркелген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде бағалаушыны тарта отырып, келтірілген залалдың мөлшерін бағалауды ұйымдастырады. Жәбірленуші бағалау жүргізілетін уақыт пен орынды анықтайды. Кейін жәбірленушіге бағалау туралы есеп танысуға беріледі.
Әкімдік бағалаушы қорытынды шығарғаннан кейін 30 жұмыс күні ішінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның және облыстық маңызы бар қаланың бюджетін атқару жөніндегі уәкілетті органмен келісілген мөлшерде қаражат бөлу туралы шешім қабылдайды.
Мұндай шешім шыққан соң, зардап шеккендерге күнтізбелік 30 күн ішінде төленеді.
Ал АШМ су тасқыны болып жатқан өңірлерде 8,1 мың бас мал қырылғанын хабарлады. Жедел деректер бойынша өлген мал саны 8,1 мың бас. Оның ішінде ұсақ мал – 6 мың, ірі қара – 1,5 мың, жылқы – 514 басқа жеткен.
Министрлік те су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің зардаптарын жою жөніндегі республикалық штабпен өлген мал иелеріне өтемақы төлеу алгоритмін әзірлеп бекітті. Меншік иелері мен залалды анықтау және басқа да мәселелерді шешу үшін өңірлерде жергілікті атқарушы органдармен шығынды анықтау жөніндегі комиссия құрылған.
Бұл комиссия су тасқыны салдарынан өлген ауыл шаруашылығы жануарларының иелерінің мал шығындарын есептеумен айналысады. Шығын төлемін алу үшін мал иелері малдары туралы мәліметтерді көрсете отырып, жергілікті комиссияға өтініш беруі керек. Өйткені ауыл шаруашылығы жануарларына меншік құқығы комиссиялардың актілерімен расталады.