Биыл Ұлттық банк 500 млрд теңге зейнетақы активін екінші деңгейлі банк облигацияларына инвестициялауды жоспарлап отыр. Бұл қаржы бизнеске несие беру үшін жұмсалады. Одан бөлек, 1,5 трлн теңгеге «Самұрық-Қазына» қоры мен «Бәйтерек» холдингінің облигациялары сатып алынбақ. Бұл ақпарат ҚР Ұлттық банкінің зейнетақы активтерін басқаруға қатысты презентациясында жазылған.
Облигациялары сатып алынатын банктерге мынандай талап қойылады:
- Банктің несие рейтингі «В-дан» төмен болмауы тиіс;
- Меншікті капиталы кемінде 60 млрд теңгені құрауы керек;
- Нарықтық мөлшерлемемен өтеу мерзімі 7 жылдан аспайтын облигация шығару арқылы бизнеске несие беруі шарт.
Зейнетақы қорынан алынатын 500 млрд теңгені жұмсауда да шектеу енгізілген. Бұл қаржыдан сауда-саттық, тұрғын үй және коммерциялық мүлік сату мен сатып алу, жеке тұлғаларға кредит (ипотека, тұтынушылық несие), қаржылық қызмет, кеңес беру қызметі, сауда орталықтарының қызметіне несие беруге болмайды. Сондай-ақ айналым қаражатын толықтыру және несиені қайта қаржыландыру мақсатында жұмсауға рұқсат жоқ.
Сонымен қатар Ұлттық банк 2024-2025 жылдары «Бәйтерек» холдингі мен «Самұрық-Қазына» қорының облигацияларына 1,5 трлн теңгеге дейін зейнетақы активін инвестициялауды жоспарлап отырғаны жазылған.
Негізгі талаптардың бірі – экономиканың әртараптандырылуы мен өсімі, импорт алмастыру және жергілікті қамту үлесін арттыруды қамтамасыз ететін жобаларды қаржыландыру. Облигациялар Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия мақұлдауынан өтіп, салалық министрліктің қорытындысын алған жобаларды мұқият іріктеу нәтижесінде сатып алынады.
Бірінші транш аясында «Бәйтерек» холдингі 2024 жылғы 26 қаңтарда көлік инфрақұрылымын қаржыландыруға 190 миллиард теңгенің облигацияларын орналастырған. Соның ішінде 173 миллиард теңгенің облигациялары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаражатына, басқа нарық субъектілерінің 17 млрд теңге қаржысы есебінен сатып алынған. Бұл қаражатқа «Қазақстан темір жолы» компаниясы 3 мың жаңа вагон сатып алды.
БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері қазіргі кезде 18,8 трлн теңгені құрайды. Зейнетақы активтерінің кірістілігі 2024 жылдың басынан бері 3,2%-ды құрап, есептелген инвестициялық кіріс 581,3 млрд теңгеге тең. 2023 жылға кірістілік 10,1% болып, 1,6 трлн теңге ивесттабыс есептелген.