Декларация тапсырғысы келмейтін қазақстандықтар заңды «айналып» өту жолдарын қарастыруда
Жалпыға бірдей декларациялау жақындаған сайын қазақстандықтар заңнан ілік іздеп әлек. Заңнан ілік табу мүмкін бе? Табысты жасырып қалу үшін оны қалай қолдануға болады? Егер салық органдары толық ақпарат бермегенін білсе не болады? «Курсив» осы және салық декларациясын толтыруға қатысты сұрақтардың жауабын кеңесшілерден сұрап білді.
Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялау кезең-кезеңмен енгізіліп жатыр. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлығы бірдей декларация тапсыру керек. Яғни елдегі барлық жеке тұлғаның тапқан пайдасы мен жұмсаған ақшасы бақылауда болады. Декларация тапсыратын уақыт тақаған сайын кейбір адамдар заңды зерделеп, мүлікті толығымен қалай көрсетпеуге болатынын ұсынып жатыр.
Заңды «айналып» өту не үшін керек?
Қазіргі таңда декларацияда жоқ дегенде активтерді көрсетпеу жолдарын қарастырып жатқандардың өз уәжі бар. Оның біріншісі – мемлекет декларацияда көрсетілген активтерге қазір болмаса да алдағы уақытта салық салуы мүмкін деген қорқыныш.
Еске салар болсақ, қазір 250 және 270 формалары бойынша декларация тапсыру барысында тек 10% жеке табыс салығы (ЖТС) ғана қарастырылған. Егер 1000 АЕК-тен жоғары сомада (2023 жылы 3,45 млн теңге, ал 2024 жылы 3,692 млн теңге) активін сатып және оны банк шотына салып, алайда салық органына бұл ақшаның қайдан келгенін түсіндіре алмайтын болса, онда салық төлеу керек болады. Сондай-ақ 1000 АЕК-тен жоғары сомаға актив сатып алып, оны қандай ақшаға алғанын түсіндіре алмаса да, салық төлеуге тура келеді. Активтерге тікелей салық салынбайды.
Салық сарапшысы Дмитрий Казанцев декларация тапсырушы ақшаның қайдан келгенін түсіндіре алмайтынын білсе, өзі есептеп 10% салық төлеуге кеңес береді. Егер бұлай жасамаса, салық органы декларация тапсырушыға өздері хабарласып, камералдық бақылау арқылы «аяқ астынан» пайда болған ақшаның қайдан келгенін дәлелдеп береді. Мұндай жағдайда декларация тапсырушы салық қана төлеп қоймай, салық сомасынан 200% айыппұл, өсімпұл төлеуге міндетті болады. Егер бұл міндеттемені орындамаса, айыппұл 300%-ға өсіп кетеді.
Декларацияда көрсетілетін жеке деректер үшін алаңдайтындар да бар. Бұл да декларацияда мәліметтерді «қысқартып» көрсетуге себеп болып отыр. Халықтың басым көпшілігі декларацияда қолма-қол ақша мен құнды заттарды көрсету ұрлық пен бопсалауға негіз бола ма деп қорқады.
Жасырғаның жария болса, жазаланасың
Декларация тапсыруға күмәнмен қарайтындар қолдағы бар үлкен ақшаны заңды көрсетпеудің тәсілін тапқан. Алдағы уақытта декларация тапсыратын адам қолындағы бар үлкен қаражатты брокерлік шотқа аудара алады. Енгізіліп отырған декларацияда Қазақстан мен шетелдегі құнды қағаздар мен шетелдің банк шоттарында жатқан 1000 АЕК-тен асатын қаражатты көрсетуді талап етеді. Бірақ брокерлік шоттардағы қалдық ақша жайлы ештеңе айтылмаған.
Алайда салық сарапшысы Дмитрий Казанцев банк шоттарын көрсететін жерде 1000 АЕК-тен асатын қаражат жатқан қазақстандық және шетелдік брокерлік шоттарды да көрсетуді ұсынады. Қазір айланы асыруға болар-ау…
Бірақ та 250 формадағы декларацияны тапсырып болғаннан кейін, 1000 АЕК-тен асатын ақшаны брокерлік шоттан банк шотына аударып жатса немесе бұл ақшаны шоттан шығарып осы сомаға болмаса одан да жоғары сомаға зат алса, салық органы тарапынан тексеріс туындайды. Яғни салық органы ЖТС төлеуді талап етуі мүмкін.
Қаржы және салық кеңесшісі Әсел Әуелбекова да өзінің клиенттеріне осындай ақыл-кеңес береді.
«Иә, декларацияда брокерлік шоттар жайлы есеп беру керек екені көрсетілмеген. Дегенмен «сақтықта қорлық жоқ» екенін естен шығармау керек. Салық органы барлық заңды өз пайдасына икемдейді. Сондықтан ертеңгі күні «жасырдың, көрсетпедің» дегенше, барлығын ашық көрсетіп толтыру қажет», – дейді.
Сонымен қатар сарапшы қазақстандық брокерлер қазақстандық-клиенттерінің шоттарындағы қалдықтар туралы мемлекеттік органдарға есеп беретінін еске салды. 2021 жылдан бастап шетелдік брокерлерде Common Reporting Standard (CRS) жүйесі арқылы басқа елдермен автоматты түрде айырбас аясында осындай ақпарат береді. Бірыңғай стандарт бойынша Қазақстан 76 елден мәлімет алып, 64 елге мәлімет береді. Қазақстанмен әзірге мәлімет алмаспайтын брокер тауып, сол жаққа ақша аудару мүмкіндігі бар. Алайда ертеңгі күні ол елдің де Қазақстанмен автоматты алмасу келісіміне қол қоймасына кім кепіл? Бұл тіпті декларацияны өткізіп болғаннан кейін болып жатса да, Қазақстан жаңа серіктесінен өзінің резиденттеріне қатысты соңғы үш жылдағы ақпаратты сұратуы мүмкін.
«CRS жүйесіне ерте ме кеш пе кіретіні анық. Өйткені бұл санкция мәселесіне қатысты. Тіпті көптеген офшорлар CRS-ге қол қойған. Себебі олар корреспондент банктердің санкциясына ұшырауы мүмкін», – дейді Әсел Әуелбекова.
Іске аспайтын схема
Декларация тапсыруға қарсы болып отырғандар декларацияда активтерді көрсетпеудің тағы бір айла-шарғысын талқылауда. Ол – жылжымайтын мүлікті немесе ақшаны балалар шотына аудару. Алайда сарапшы Казанцев: «Жылжымайтын мүлікті қайта рәсімдеу немесе ақшаны баланың шотына аударудың еш пайдасы жоқ», – дейді. Себебі балалардың атында мүлік болатын болса, оны ата-аналары декларациялауға міндетті. Сондай-ақ оны өзінің тапсыратын декларациясынан бөлек тапсырады. Сондай-ақ балаларының мүлкін жариялағаннан кейін, ата-аналары жыл сайын 270 форма бойынша декларация тапсыру керек болады. Балалар декларацияны 18 жасқа толғаннан кейін тапсырады.
Жеке кәсіпкерлікті 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін жабу, ЖК-мен, заңды тұлғалардың құрылтайшыларымен және басшыларымен ресми «қоштасу», 250 форма бойынша декларация тапсырудан қашып құтылуға мүмкіндік бермейді. Бұл тек бір жылға кейінге қалдыруға ғана уақыт береді. Жеке кәсіпкер мәртебесінен жеке тұлға мәртебесіне ауысудың да пайдасы жоқ.
Дмитрий Казанцев: «Бұл есепте кәсіпкер немесе жеке тұлға ретінде беріп жатырсың деген мәртебе жоқ, сен тек 205 форманы толтырып өткізесің. Тек жүйеде қиындық тумас үшін бұған дейін бәріне бірдей тапсыру жүктелмеді. Ал қазір есеп бергенде мемлекеттік қызметкер немесе басқа екенін көрсететін белгі жоқ. Бар болғаны олар бәрінен бұрын тапсырып бастағаны болмаса», – дейді.
Декларацияны тапсырмай-ақ қою керек (мәліметті толық не болмаса дұрыс көрсетпеу), алғашқы да ескерту алып, кейін 15 АЕК көлемінде ғана айыппұл төлей салу керек деп ойлайтындар да бар. Мұндай әлеуетті декларация тапсырушылар жасырғаны үшін жазалау бар екенін естен шығармағаны жөн. Әрбір жасырылған шетелдік объект (шетелдегі жылжымайтын мүлік, көлік құралдары, заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі) үшін 100 АЕК көлемінде айыппұл төлеу керек болады. Ал 250 форма бойынша жария етуге жататын қалған объектілерді жасырып қалғаны үшін шынымен де айыппұл аз. 3 АЕК қана.
Сарапшы салық органдары есеп бермегендерді басты назарда ұстайтынын айтады. Расында, бірінші рет ескертумен «құтылып кетуге» болады. Кейін 15 АЕК айыппұл төлейді. Бірақ та декларация тапсырмағандар мемлекеттік кірістер комитетінің ерекше бақылауына алынады. Мұндай адамдардың тапқан пайдасы мен шыққан шығыны салық органының назарынан тыс қалмайды.