Елтаңба өзгерсе, теңгенің дизайны өзгере ме: Ұлттық банк төрағасы жауап берді

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Елтаңба өзгерсе, теңгенің дизайны өзгере ме: Ұлттық банк төрағасы жауап берді / коллаж kursiv.media

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов елтаңбаны өзгерту туралы шешім қабылданса, теңге банкноты мен монеталарының дизайны да өзгеретінін мәлімдеді.

«Егер Елтаңбаны өзгерту бойынша шешім қабылданса, біз басып шығаратын банкноттардың басқа дизайнда болатыны түсінікті», – деді Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлеме бойынша өткен брифинг барысында.

Ол Ұлттық банк теңге шығаратын жабдықтарды өзгертуге шығындалмайтынын айтты. Яғни жаңа елтаңбамен монета шығару және банкнотты басуға қосымша шығындар болмайды.

Бұдан бөлек, ұлттық банк төрағасы елтаңба ауысқан күннің өзінде қазіргі қолданыстағы банкноттар мен монеталардың қолданыста қала беретінін атап айтты.

«Қазіргі банкноттар жарамсыз болып қалғанша, қолданыста қала береді. Қағаз ақша тез тозғанымен, монеталар ұзақ сақталатын шығар. Олар шамамен 20 жылдай қолданыста қалады», – деді Сүлейменов.

Тоқаев Елтаңба өзгерту туралы ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құрылатынын мәлімдеді. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтқан еді.

Қаржы министрі Мәди Такиев Қазақстанда Елтаңбаны ауыстыру туралы журналистер сұрағына жауап берген болатын.

«Әлі оны (Елтаңба ауыстыруға кететін қаржыны – ред.) есептеуді бастамадық. Себебі елтаңбаны бір күнде өзгерте салу мүмкін емес. Алдымен оны (Елтаңба – ред.) дайындау керек. Қанша ғимарат пен кеңсеге ілу керек екенін есептеу керек. Бұл тек Қаржы министрлігіне қатысты емес. Бұл барлық мемлекеттік органдарға қатысты. Олардан келіп түсетін өтінішті есептеу керек. Ал өтініштер шешім қабылданған кезде ғана келетін болады», – деді Такиев.

Сондай-ақ оқыңыз