Жаңалықтар

Қостанайлық еріктілер су тасқыны кезінде үш жүздей үй жануарын құтқарды

Қостанайлық еріктілер су тасқынынан 300-ге жуық жан-жануарды құтқарды / коллаж kursiv.media

Қостанайлық еріктілер су тасқыны кезінде 300-ге жуық жан-жануар: 200-ден астам ит пен мысық, 100-ге жуық тауық пен қоянды құтқарған. 

Еріктілер жануарларды дронның көмегімен іздейді. Табылған жануарларды аймаққа барып құтқарып, қауіпсіз орынға жеткізіп, медициналық көмек қажет болса, ветеринарлық клиникаларға жіберіледі. 

«Үй жануарлары су тасқыны аумағында қалған Қостанай облысының тұрғындары Green help қоғамдық бірлестігінің еріктілеріне жүгініп, оларды құтқаруды сұрады», – деп хабарлады Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі.

Бұдан бөлек, Green help қоғамдық бірлестігі Астанада гуманитарлық көмек жинауда. Зардап шеккен жан-жануарлар үшін өңірлерге 457 келі азық жіберілді.

Естеріңізге сала кетейік, Green help қоғамдық бірлестігі Вirgemiz Аyala жобасы аясында жануарларға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастырады. Жоба Мәдениет және ақпарат министрлігі тапсырысы бойынша «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» демеуімен жүзеге асып келеді.

Қостанай облысындағы су басқан аудандардан 500-ге жуық адам эвакуацияланды

Өңірлік жедел штабтың мәліметінше, 6 сәуірде сағат 8:00-де Қаратомар су қоймасынан су ағыны секундына 2 мың 640 текше метрге дейін ұлғайды (ағыны секундына 3 мың 361 текше метр). Қазір «Қаратомар» су қоймасының толу деңгейі 97%-ға жетті. Кеше түнде жедел су тасқынына қарсы штаб «Қаратомар» су қоймасынан көп мөлшерде су ағызуға байланысты жағдай нашарлап бара жатқанын хабарлаған

Облыста су тасқыны кезінде зардап шеккендер үшін жедел желі іске қосылды. Психологиялық қызмет тобы 8 714- 250 19 60 нөмірі бойынша жұмыс істейді.

Соңғы мәліметтер бойынша, су басқан аудандардан 434 адам эвакуацияланды, оның ішінде Арқалықта 307 адам, Жангелді ауданында 90 адам және Амангелді ауданында 37 адам эвакуацияланды.