KASE мен AIX биржасы 2025 жылы біріктірілуі мүмкін – Тимур Сүлейменов

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Қос биржаны біріктіру қашан аяқталады? / Фото: kursiv.media

Екі биржаның әлеуетін біріктіру схемасын президент әкімшілігі қарастырып жатыр. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлеме бойынша өткен брифинг барысында мәлімдеді.

Ұлттық банк басшысы  2024 жылдың наурыз айының соңына дейін тиісті  құжатты әзірлеу тапсырылғанын атап өтті.

«Бұл шешімді Ұлттық банк, ҚНРДА және АХҚО бірлесіп әзірледік. Қазір оны президент әкімшілігі қарастырып жатыр. Біз өз жұмысымызды жасадық, біртұтас тәсілдер әзірленді. Бұл оңай болған жоқ, өйткені әр биржа көбірек ресурстарды қалайды. Соған қарамастан, барлық мүдделі тарап конструктивті жұмыс жасады және бізде ортақ шешім таптық. Президент әкімшілігінің не айтатынын күтеміз», – деді бас банк басшысы.

Сүлейменов сондай-ақ KASE мен AIX әлеуетін біріктіру келесі жылы жүзеге асуы мүмкін екенін де жоққа шығармады.

Еске сала кетсек, 2023 жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы биржалардың әлеуетін біріктіру мәселесін пысықтауды тапсырған болатын. Ол мұны екі қор биржасының негізінен бір-бірін қайталайтындығымен, кейде тіпті бір-бірімен бәсекелесетінімен түсіндірді. 

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова қос биржаны біріктіруде Қатар елінің тәжірибесіне сүйенеміз деген болатын.

Осы орайда экономист Бауыржан Шурманов екі биржаны бір жерден басқару бюджетті оңтайландыруға мүмкіндік береді деп тұжырымдайды. Оның айтуынша, Қазақстандағы қор нарығы әлі де белсенді емес, ол негізінен квазимемлекеттік компаниялардың шығуы бойынша мемлекеттік оқиғаларға байланысты.

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының басшысы Елена Бахмутова қос биржаны KASE базасында шоғырландыру керек деп санайды: өйткені мұнда негізгі өтімділік шоғырланған.

Сондай-ақ оқыңыз