Жаңалықтар

Су тасқыны Қазақстандағы базалық мөлшерлемеге қалай әсер етті?

су тасқыны
Су тасқыны ел экономикасына қалай әсер етеді? / Фото: Sarinform.ru

Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов су тасқыны негізгі үш мәселеге әсер ететінін атап өтті.

«Біріншіден, әлеуметтік салаға. Екіншіден, су тасқыны салдарынан зардап шеккен кәсіпкерлік белсенділіктің төмендеуі. Үшіншіден, зардаптарды жою үшін қажет қаржы шығынының артуы. Сондықтан базалық мөлшерлемені сақтау туралы шешім қабылдадық», – деді бас банк төрағасы.

Бұл ретте ол инфляция болжамын 7,9-9,5% дәлізінде сақтау қажет деп есептейді.

«Базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешім мамыр айында қабылданады. Содан кейін мен айтқан мәселелер бойынша нақты көрсеткіштер белгілі болады. Бұл базалық мөлшерлеме туралы шешімге келесі жолы қалай әсер ететін анықтауға ықпал етеді», – деп атап өтті Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов.

Оның айтуынша, ықтимал тәуекелдер ел аумағында бұрын-соңды болмаған су тасқыны салдарына байланысты туындап отыр.

«Сондай-ақ су тасқынының салдарын жоюға қажет болатын бюджет шығысының көлемі әлі анықталған жоқ», – деді спикер.

Еске сала кетсек, наурызда жылдық инфляция 9,1%-ға дейін баяулады. Инфляцияның жоғарырақ деңгейде қалыптасуы негізінен реттелетін қызметтерге байланысты болды. Оның ішінде тұрғын үй коммуналдық қызметтердің тарифі бар. Реттелетін тарифтермен бірге жалпы қызмет түрлерінің құны да өсті. Қызметтер инфляциясы наурызда 13,2% деңгейінде қалыптасты. Яғни қазір бағаның өсуіне үлес қосып отыр.

Азық-түлік инфляциясы 6,9%-ға дейін төмендеді. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсуі де 8,2%-ға дейін баяулады. Айлық инфляция ақпандағы күрт өсуден кейін наурызда 0,7%-ды құрады. Оған дейін 1,1% болған еді. Бұл орташа жылдық динамикадан (0,6%) сәл жоғары.

Сонымен қатар наурызда еліміздің бірнеше аймағын су басты. Тұрғындар эвакуацияланып, қауіпсіз жерге көшірілді.

Сол тұста шұғыл кеңес өткізген президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынынан зардап шеккендерден кешірім сұрады. Тоқаев су тасқынына қарсы уақытында шара қабылдамағаны үшін премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, министр Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс және қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту берді. Ал Атырау, Ақмола, Алматы, Павлодар және Абай облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс жариялады.