Үкімет «Ақтау теңіз порты» АЭА-ның жұмыс істеу мерзімін 2053 жылға дейін ұзартады

Жарияланды
Ақтау
«Ақтау теңіз порты» АЭА-ның жұмыс істеу мерзімі не үшін ұзартылады / Фото: kursiv.media

Үкімет «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының жұмыс істеу мерзімін 2053 жылға дейін ұзартады. Бұл жайлы «Ашық НҚА»-да орналастырылған Өнеркәсіп және құрылыс министрінің қаулысында жазылған.

«Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 7 қарашадағы №04-568//22-01-38. 39-тапсырмасының 5-тармағына сәйкес «Ақтау теңіз порты» АЭА-ның жұмыс істеу мерзімі инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін 2053 жылға дейін ұзартылады», – делінген құжатта.

Сәйкесінше «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының нысаналы индикаторлары да 2053 жылға дейін кеңейтіледі. Ал қолданыстағы құжатта нысаналы индикаторы 2027 жылға дейін бекітілген.

Құжат түсіндірмесінде жобаны қабылдау «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының инвестициялық тартымдылығына ықпал ететіні жазылған. Сонымен бірге мерзімінің ұзаруына байланысты қаржылық шығындар талап етіледі.

«Жобаны іске асыру республикалық бюджеттен қаржылық шығындарды талап етеді. Республикалық бюджет комиссиясының оң шешімі қоса беріледі», – делінген құжатта.

«Ақтау теңіз порты» АЭА нысаналы индикаторлары

Құжатта 2053 жылға дейін тартылатын инвестиция көлемі бекітілген. Ол 7 кезең бойынша жүзеге асырылады.

Бірінші кезең – 2023 жылы басталды. Бұл базалық кезең саналады. Аталмыш кезеңде тартылатын инвестициялардың жалпы көлемі – 290 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде отандық инвестиция көлемі – 120 млрд теңгені, шетелдік инвестиция көлемі – 170 млрд теңгені құрайды. 2023-2027 жылдар аралығында арнайы экономикалық аймақтың аумағында тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді/жұмыстарды өндіру көлемі 450 млрд теңге көлемінде болады деп күтілуде. Осы аралықта 2300 адам жұмыспен қамтылып, 50 компания қызметі жүзеге асырылады.

Екінші кезең – 2027 жылға қарай инвестиция көлемі 340 млрд теңгеге артады деп жоспарланып отыр. Оның ішінде шетелден келетін инвестиция – 175 млрд теңге, отандық инвестиция көлемі – 165 млрд теңге көлемінде болмақ. Сәйкесінше, арнайы экономикалық аймақтың аумағында тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді/жұмыстарды өндіру көлемі де артып, 490 млрд теңгеге жетпек. Бұл кезеңде аймақта 60 компания жұмыс істейтін болады.

Үшінші кезең – 2032 жылы отандық инвесторлардан тартылатын инвестиция көлемі артады. Бұл уақытта жергілікті инвесторлардан 205 млрд теңге көлемінде қаражат тартылмақ. Ал шетелдік инвестиция көлемі – 185 млрд теңге. Жалпы инвестиция 390 млрд теңгеге, өндірілетін жұмыс көлемі 500 млрд теңгеге артады. Аймақта небәрі 10 компания жұмыс істейді. Сәйкесінше, бұл уақытта жұмыс орындары да аз болады. Бұл кезеңде бас-аяғы 600 адам жұмыспен қамтылатыны жазылған.

Төртінші кезең – 2037 жыл. Жалпы тартылатын инвестиция көлемі 440 млрд теңге көлемінде болады. Ондағы отандық инвесторлардың үлесі 240 млрд теңге, шетелдік инвесторлардың үлесі – 200 млрд теңге. Бұл аралықта аймақ экономикасына 30 компания өз үлесін қосады. Олар арнайы экономикалық аймақтың аумағында 520 млрд теңге көлемінде тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді/жұмыстарды жүзеге асырады. Бұл уақытта өңірде 1100 адамды жұмыспен қамтитын 20 компания қызмет көрсетеді.

Қалған үш кезеңде – яғни 2042, 2047, 2052 жылдары «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында отандық инвесторлардың үлесі сәйкесінше – 270 млрд теңге, 295 млрд теңге, 315 млрд теңгеге арта түседі. Ал аймаққа құйылатын шетелдік инвестиция – 220 млрд теңге, 245 млрд теңге, 275 млрд теңге көлемінде болады.

АЭА инвесторларына қандай жеңілдік беріледі?

Арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеу мерзімі аяқталу кезеңіне қарай жалпы инвестициялық қаражат көлемі 590 млрд теңгеге артады. Ал 50 компанияның қатысуымен өндірілетін жұмыс көлемі 640 млрд теңге көлемінде болады деп жоспарлануда.

Жұмыспен қамту мәселесіне келер болсақ, аймақта адамдардың жұмыспен қамтылу деңгейі 2027 жылы артады. Бұл кезеңде өңірде 60 компания жұмыс істеп, 3300 адамды жұмыспен қамтылмақ. Ал 2047 жылы 40 компания 2100 адамды және 2052 жылы 50 компания 2600 адамды жұмыспен қамтиды.

Арнайы экономикалық аймақ аумағындағы өндірістің жалпы көлеміндегі қазақстандық қамту үлесінің орташа мәні 50 пайызды құрайды.

Еске сала кетсек, Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Арнайы экономикалық аймақтарға көп қаржы құйған инвесторлар жер сатып алу құқына ие болатынын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз