Жаңалықтар

Су ресурстарына қатысты жаңа мекеме құрылады: министрлік «Қазагромелиосушар» орталығын қайта құрылымдайды

Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы
Елде «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы пайда болады / Фото: kursiv.media

Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазагромелиосушар» республикалық әдістемелік орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесін қайта құрылымдайды. Нәтижесінде жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы пайда болады. Бұл жайлы министрліктің «Ашық НҚА» порталына орналастырылған құжатында жазылған.

Жаңа мекеме немен айналысады?

Құжатта мекеменің су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның қызметін ақпараттық, талдамалық және әдістемелік қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды орындаумен айналысатыны жазылған.

«Су ресурстарын пайдалануды оңтайландыру, ел экономикасының барлық салаларында су тапшылығы тәуекелдерін барынша азайту, экологиялық тұрақтылықты қолдау және барлық мүдделі тараптың хабардар болуын қамтамасыз ету мақсатында су секторын жедел мониторингтік және аналитикалық қамтамасыз етуге бағытталған ситуациялық-аналитикалық орталығын құру арқылы Қазақстанның су ресурстарын тұрақты басқаруды қамтамасыз ету», – делінген құжатта.

Сонымен бірге су ресурстарын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, елдімекендерден тыс жерлерде санитария саласындағы тенденциялар мен заңдылықтарды анықтау үшін әртүрлі көздерден алынған деректерді жинау, өңдеу және талдауды жүзеге асырмақ.

«Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» әртүрлі факторлардың, соның ішінде климаттың өзгеруінің әсерін бағалау үшін болжамдық сценарийлерді де әзірлеп отырады. Сондай-ақ елдімекендерден тыс су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, канализация саласында электрондық қоры болады. Онда арнайы мәліметтер қоры жүргізіліп, су объектілеріне, су шаруашылығы жүйелері мен құрылымдарына мониторинг жүргізу нәтижесінде алынған ақпарат талданады және сақталады. Сонымен бірге жер үсті және жер асты суларының мемлекеттік есепке алу деректері, мемлекеттік су кадастрынан алынған ақпарат, су объектілерінің мемлекеттік мониторингінен алынған ақпарат осы орталықта талданып, сақталып отырады.

Алдағы уақытта Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігімен бiрлесiп, заңнамада белгіленген тәртіппен Қоғамның жарғысын бекітеді. Мекеме заңды тіркелген соң, Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігіне Қоғам акцияларының мемлекеттік пакетіне иелік ету және пайдалану құқығы беріледі.

Су саласына қатысы бар басқа ұйымдар

Еске сала кетсек, Қазақстанда Жерасты су ресурстарын басқарумен айналысатын «Қазгидрогеология»  ұлттық гидрогеологиялық қызметі» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылады. Бұл компания деректер қорын және гидрогеология және геофильтрациялық модельдер, цифрлық және картографиялық деректер қоры саласындағы тұрақты жұмыс істейтін геоақпараттық жүйелерді және жерді қашықтықтан зондтау деректерін қолдана отырып, оларды басқару жүйелерін құруға тиіс. 

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов су басқан өңірлерде және басқа да өңірлерде гидротехникалық құрылыстарды пайдалану және басқару бойынша коммуналдық ұйымдар жоқ екенін айтты. Осыны ескере отырып, Ақмола, Ақтөбе, СҚО, Жетісу, Қостанай, Қызылорда, Қарағанды, Абай және Ұлытау облыстарының әкімдіктеріне үш ай мерзімде коммуналдық меншіктегі гидротехникалық құрылыстарды пайдалану және басқару жөніндегі мамандандырылған ұйым құру тапсырылды.