Атырау облысындағы Жайық-Каспий каналының сағасы тереңдетілуде. Бұл жөнінде облыстың төтенше жағдай жөніндегі жедел штабы хабарлады.
Өзен сағасының ені 20 метр, тереңдігі 4-5 метр шамасында. Қазіргі уақытта су арнасын кеңейту, тазарту, тереңдету жұмысы қолға алынған. Ол үшін екі экскаватор іске қосылды. Осы іске канал түбін тереңдетуге арналған техникалық флоттың кемесі де жұмылдырылған.
Соның нәтижесінде өзен сағасы 4 метрден 20 метрге дейін тереңдейді. Бұл – Жайық өзенінен Каспий теңізіне тасқын судың тезірек жетуін қамтамасыз етеді.
«Төтенше жағдайдың жариялануына байланысты облыс әкімінің тапсырмасы бойынша тереңдету жұмыстары басталды, осы шараларды жедел жүзеге асырудамыз», – дейді құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайынов.
Атырау қаласы әкімі Шәкір Кейкиннің айтуынша, Жайық өзенінің бойындағы 107 учаскеде жағалауды нығайту жұмысы атқарылуда. Бұл үшін жалпы 800 техниканың күші пайдаланылуда.
Ресми деректерге сүйенсек, Жайық-Каспий арнасының ұзындығы – 56 шақырым. Былтыр осы арнаның тереңдету мәселесі Парламент Мәжілісінің отырысында көтерілген. Көлік министрі Марат Қарабаев Мәжіліс депутатының сауалына 2024-2025 жылдары бұған 12 млрд теңге бөлінетінін мәлімдеген. Министрдің сөзінше, канал түбін 2,5 метрге дейін тереңдету жоспарланған.