Алматы әуежайында мемлекетаралық іздеуде жүрген Ресей азаматы ұсталды.
Polisia.kz басылымы мәлімдегендей, 11 сәуірде Внуково-Алматы бағытындағы ұшақ ұшып келгеннен кейін, көлік полицейлері ҰҚК шекара қызметкерлерімен бірлесіп, Ресей Федерациясының 32 жастағы азаматын ұстаған.
«Анықталғандай, ер адамға 2023 жылдың қыркүйегінде Тәжікстан Республикасының азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды қарулы құрамдарға, қарулы қақтығыстарға немесе басқа мемлекеттердің аумағындағы әскери іс-қимылдарға заңсыз тартқаны және қатысқаны үшін мемлекетаралық іздеу жарияланған», – деп жазылған хабарламада.
Қазіргі уақытта ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оны экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр.
Айта кетейік, жыл басында АҚШ-тың сұрауымен Қазақстанда ұсталған хакер Ресейге экстрадицияланған болатын. Қазақстанның Бас прокуратурасы хакерлік шабуыл және бопсалау бойынша айыпталған Никита Кислицинді Ресейге экстрадицияланғанын мәлімдеді.
Экстрадициялау үрдісі желтоқсанда жүргізілген.
«2023 жылдың 21 желтоқсанында Кислицин белгіленген тәртіппен ресейлік құқық қорғау органдарының өкілдеріне берілді», – деп хабарлаған Қазақстан Бас прокуратурасының баспасөз қызметі ТАСС-қа берген жауабында.
Мәселенің мән-жайы
F.A.C.C.T. киберқауіпсіздік компаниясының қызметкері Никита Кислициннің Қазақстанда ұсталғаны мәлім болды. Нақтырақ айтсақ, Қазақстан тарапы Кислицинді АҚШ-тың сұрауы бойынша 22 маусымда ұстаған. Хакердің Американың сұрауы бойынш ұсталуына он жыл бұрын журналист болып қызмет еткен жылдардағы оқиғалары себеп болған.
Ал Ресейдің тергеу мәліметтері бойынша, 2022 жылдың қазан айында Никита Кислицин мен оның сыбайластары компаниялардың бірінің сервер деректеріне заңсыз қол жеткізген. Ақпаратты көшіріп алған хакерлер ондағы ақпарат үшін криптовалютамен 550 мың рубль төлеуді талап еткен.