Су тасқынына байланысты Астана халықаралық форумы өтпейтін болды

Жарияланды (жаңартылды )
Астана халықаралық форумы өз жұмысын 2025 жылы жалғастырады / Фото: Аstana international forum сайтынан

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың 13-14 маусымында болатын Астана халықаралық форумын өткізбеу туралы шешім қабылдады.

 «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі жойқын су тасқынының салдарын жою және зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін басқа шараларға жұмсалатын қаржыны барынша үнемдеу қажет екенін ескере отырып, биылғы 13-14 маусымға жоспарланған Астана халықаралық форумын өткізбеу туралы шешім қабылдады», – деп мәлім етті Ақорда баспасөз қызметі.

Президент форумға шақырылған қонақтар бұл шешімге түсіністікпен қарайды деп сенетінін жеткізді. Астана халықаралық форумы өз жұмысын 2025 жылы жалғастыратын болады.

Астана халықаралық форумы шетел үкіметтерінің, халықаралық ұйымдардың, ірі компаниялардың, іскерлік және академиялық қауымдастықтың жоғары лауазымды делегаттары арасындағы диалог алаңы болды. Биыл форум екінші рет өтуге тиіс еді.

Еске салайық Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бірқатар облысындағы су тасқыны салдарынан қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты Қазақстан халқына үндеу жасаған еді.

«Баршаңызға белгілі, қазір елімізде күрделі жағдай қалыптасып отыр. Қардың күрт еруіне байланысты аймақтарда су тасқыны болып жатыр. Бұл – табиғи апат. Мұндай ахуал ұзақ жылдан бері болмаған. Бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат деуге болады», – деді Президент.

Сонымен қатар Түркия су тасқынына байланысты Қазақстанға көмек көрсетуге дайын екендігін хабарлады. Ведомство ресми сайтында 7 сәуір күні ауқымды су тасқынына байланысты Қазақстан халқына көңіл айту хаты жария болды. Түркия Қазақстанға кез келген қажетті көмекті көрсетуге дайын екенін атап өткен. 

Сондай-ақ оқыңыз