АҚШ Ресейге қарсы санкция жариялап, ресейлік алюминий, мыс және никель экспортына шектеу қойды. Аталған тыйым шаралары 2024 жылдың 13 сәуірінен бастап өндірілген металдарға қатысты. Бұл туралы ведомство сайтында жарияланды.
Аталған өнімдерді «заңда белгіленген» ерекшеліктер шеңберінде, сондай-ақ шетелдік активтерді бақылау жөніндегі басқарманың (OFAC) лицензиясы немесе басқа да рұқсаты болған кезде ғана әкелуге болады.
Сонымен қатар жаңа шараларда көрсетілгендей, Ресейден алюминий, мыс және никельді әлемдік биржаларға қабылдауға тыйым салады. 2023 жылы осы металдардың импортын шектеген Ұлыбритания сауда алаңдарына салынған санкцияларға қосылды. Шешім Лондон металл биржасына (LME) және Чикаго тауар биржасына (CME) әсер етеді. Қазіргі қорлар бұған жатпайды.
«Ұлыбританиядағы серіктестерімізбен келісе отырып енгізілген негізгі металдарға жаңа тыйымдар Ресейдің Украинаға қарсы агрессивті соғысын жалғастыру үшін алатын кірісті азайтуға бағытталған», – деді АҚШ Қаржы министрі Джанет Йеллен.
Ұлыбритания Қаржы министрлігі жаңа санкциялар Ресейден 40 млрд долларлық металл импортына әсер етеді деп есептейді. Ресей Федерациясының үлесіне әлемдік никель өндірісінің 9%, алюминийдің 5% және мыстың 4%-ы тиесілі.
«Одақтастарымызбен бірге әрекет еткенде, Ресей президенті Владимир Путинді Украинада заңсыз соғыс жүргізу мүмкіндігінен айыру оңайырақ болады», – деп атап өтті Біріккен Корольдіктің қазынашылық канцлері Джереми Хант.
2023 жылдың соңында G7 елдері Ресей алмаз тастарының импортына тыйым салған болатын. Бұл тыйым өз күшіне 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап енді.
G7 елдерінің көшбасшылары 6 желтоқсанда онлайн кездесу өткізіп, артынша ресейлік гауһар тастарды импорттауға тыйым салғаны жайлы шешімді мәлімдеген.
Бұл шешімге сәйкес 2024 жылдың 1 қаңтарынан Ресейден тікелей импортталатын гауһар тастарға тыйым салынса, 2024 жылдың 1 наурызынан бастап үшінші елдерде өңделген ресейлік бағалы тастарға кезең-кезеңімен шектеулер енгізіле бастайды. 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап бағалы тастарды импорттайтын G7 елдері Ресей гауһар тастарының елге кірмеуін бақылау мақсатында, өңделмеген алмазға тексеріс жүргізіп, арнайы сертификаттау механизмін енгізеді.
«Біз G7 мүшелері басқа серіктестерімізбен бірлесіп, өндіруші және өңдеуші елдер арасында өңделген алмаздарды кешенді бақылау және қадағалау шаралары бойынша консультация жүргізуді жалғастырамыз», – делінген Үлкен Жетілік жариялаған хабарламада.