Президент күйші Әбдімомын Желдібаевтың отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады
Мемлекет басшысы күйші, композитор Әбдімомын Желдібаевтың отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дәулескер күйші, композитор, «Парасат», «Құрмет», «Достық» ордендерінің иегері Әбдімомын Желдібайұлының дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты.
«Әбдімомын Желдібайұлы киелі күй өнерінің көкжиегін кеңейткен дарын иесі, ұлағатты ұстаз болды. Бар саналы ғұмырын төл мұрамызды насихаттауға арнап, еліміздің мәдениеті мен руханиятын дамытуға айрықша еңбек сіңірді. «Ерке сылқым» сияқты өміршең күйлерімен жұртшылықтың ықыласына бөленді. Өнегелі өмір сүріп, соңына музыкалық мол мұра қалдырған Әбдімомын Желдібайұлының жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын», – деп жазылған жеделхатта.
Айта кетейік, күйші-композитордың «Ерке сылқым», «Көкшолақ», «Жамбыл баба жыр толғайды», «Тұран елі», «Төле би толғауы», «Сұңқар сезім», «Жетісу сазы», «Бозжігіт», «Әулиеата» және тағы басқа күйлердің авторы.