Құлсарыда жоғалып кеткен әкелі-балалы тұрғындардың мәйіттері су астынан табылды
6 сәуір күні Атырау облысының Жылыой ауданындағы Құлсары қаласында 1974 және 2000 жылғы әкелі-балалы екі адамның із-түссіз жоғалғаны туралы хабар тарады. 14 сәуір күні таңғы сағат 9-да төтеншеліктер 1974 жылғы ер адамның мүрдесін су астынан алып шықты. Одан кейін түскі сағат 13:40-та 24 жастағы ер адамның мәйітін тапты. Ол жоғалып кеткен егде кісінің ұлы екені анықталды. Екі мүрде де тасқын судың 1,5 метр терең тұсынан табылды. Әкелі-балалы құлсарылықтар өзінің үйінінің маңында көз жұмған.
«Олар су басқан үйіне рұқсатсыз кетіп қалған. Содан бері эвауациялық пунктке оралмаған», – деп хабарлады Атырау облысының төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті.
Іздестіру жұмысына 40 қызметкер, 6 жүзу құралы, 1 техника пайдаланылған.
Бұған дейін Құлсары қаласында екі ер адамның трактормен аударылып қалып, суға кеткені белгілі болды.
Бірнеше күн бұрын Жем өзенінің тасуы салдарынан Жылыой ауданын су басты. Құлсары қаласы тұрғындарының жартысынан астамы көшірілді.
Қазіргі уақытта Жем өзені 85 сантиметрге төмендеді. Жергілікті билік әлеуметтік маңызды нысандар қайтадан ашылып, қоғамдық көліктер жүре бастағанын хабарлады.