2024 жылы қандай мамандық иелері сұраныста болады

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
2024 жылы қандай мамандық иелері сұраныста болады / shutterstock

2024 жылы Қазақстанда ең қажетті мамандық иелері тағы да мұғалімдер мен орта медициналық қызметкерлері болады.

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығының» ақпаратына сүйенсек, Enbek.kz электрондық еңбек биржасында шамамен 1,3 млн бос жұмыс орны жария болады деп күтілуде. 

Ең көп сұраныс білім беру (364 мың бос жұмыс орны), денсаулық сақтау (105 мың бос жұмыс орны), басқа да жеке қызметтер көрсету (91 мың бос жұмыс орны), өңдеу өнеркәсібі (89 мың бос жұмыс орны), сауда және ауыл шаруашылығы (86 мың бос жұмыс орны) салаларында қалыптасады. 

2024 жылы сұранысқа ие мамандық иелері

  • әлеуметтік ғылымдар бойынша орта мектеп мұғалімдері (31 мың бос жұмыс орны);
  • мектепке дейінгі білім беретін тәрбиешілер (27 мың);
  • күтім көрсететін орта медициналық персонал (23 мың);
  • бастауыш сынып мұғалімдері (20 мың);
  • үйде емделушілерге күтім жасайтын қызметкерлер (19 мың);
  • жаратылыстану ғылымдары бойынша орта мектеп мұғалімдері (17 мың);
  • математика ғылымдары бойынша орта мектеп мұғалімдері (16 мың);
  • бухгалтерлер (15 мың);
  • аспаздар (13 мың);
  • арнайы білім беру саласындағы өзге оқытушылар (12 мың).

Сондай-ақ, базалық сценарий шеңберінде биыл бос жұмыс орындарының ең көп саны Алматы қаласы (125 мың), Қостанай облысы (117 мың), Астана қаласы (97 мың), Қарағанды (88 мың) және Түркістан (87 мың) өңірлерінде болмақ.

ЕРДО ақпаратына сүйенсек, 2024 жылы жұмыспен қамту орталығына 173,3 мың адам келіп, оның ішінде 142,3 мың адам жұмыспен қамтылды, оның 50,3 мыңы тұрақты жұмысқа орналасты. Субсидияланатын жұмыс орындарына 92 мың адам орналастырылған. 

Еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытумен 17,1 мың жұмыссыз қамтылып, оның ішінде 15,1 мыңы оқуды аяқтады. Жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін жыл басынан бері халықтың әлеуметтік осал санаттарына 400 АЕК (1 476 800 теңге) мөлшерінде 9 мың грант және жастарға жылдық мөлшерлемесі 2,5%-дық, сомасы 5 млн теңгеге дейінгі 5 796 жеңілдетілген микрокредит беру көзделген.

Еске сала кетейік, еліміздегі күрделі су тасқыны жағдайына байланысты үміткерлерден гранттар алуға өтінімдерді қабылдаудың бірінші легінің мерзімін уақытша ауыстыру туралы шешім қабылданған.

Сондай-ақ оқыңыз