Су тасқынынан зардап шеккен азаматтар 1 наурыздан 30 маусымға дейін салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерден босатылады.
«Ашық НҚА» жүйесінде Мемлекеттік кірістер комитетінің «Қазақстан Республикасының өңірлерінде су тасқынынан зардап шеккен адамдар үшін салықтық әкімшілендіруді реттеудің өзге тәртібін белгілеу туралы» бұйрығы жария болды.
Бұйрыққа сәйкес, су тасқынынан зардап шеккендердің тізіміне енген салық төлеушілер 2024 жылы 1 наурыздан 30 маусымға дейін салық төлеуден босатылады. 2024 жылғы 1 наурыз – 30 маусым аралығында басталатын салық есептілігін тапсыру мерзімі 2024 жылғы 1 шілдеге ауыстырылады.
«Мерзімінде орындалмаған салық міндеттемесінің орындалуын қамтамасыз ету және салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қабылдау 2024 жылғы 1 шілдеге дейін тоқтатыла тұрсын. Орындау мерзімі 2024 жылғы 1 наурыздан бастап 30 маусымға дейінгі кезеңде басталатын, камералдық бақылау нәтижелері бойынша мемлекеттік кірістер органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны орындау мерзімі 2024 жылғы 1 шілдеге дейін ұзартылсын», – делінген бұйрықта.
Бұдан бөлек, салыққа байланысты өсімпұл да 2024 жылдың 1 наурызынан 1 шілдесіне дейін есептелмейді.
Бұйрық 29 сәуірге дейін ашық талқылауда болады.
Еске сала кетсек, президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға материалдық көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Ол ешқандай отбасы, бірде-бір тұрғын мемлекеттің назарынан тыс қалмайтынын айтты. Атқарушы органдар жіберген олқылықтарды түзеу үшін Президент шұғыл түрде нақты тапсырмалар бергенін, қазір барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанын жеткізді.
7 сәуір күні Мемлекеттік материалдық резер комитеті төрағасының орынбасары Руслан Ормағамбетов мелекеттік материалдық резервтен су асқан облыстарға 1 млрд 474 млн теңгенің көмегі көрсетілгенін хабарлады.
Ауыл шаруашылығы министрлігі су тасқынынан мал басы шығын болған тұрғындарға өтемақы жергілікті бюджеттен төленетінін мәлімдеді. Ал су басқан аймақтан алып шыққан мал басына азық жетіспеген жағдайда «Азық-түлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ фермерлердің өтінімдері бойынша төлемдерді кейінге қалдыру шартымен малға азық жеткізуді ұйымдастырады.