Бас прокуратура Қаңтар оқиғасы кезінде азапталған Қырғызстан азаматының ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Бас прокуратура Қаңтар оқиғасы кезінде азапталған Қырғызстан азаматының ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде / @vicrammusic жеке парақшасынан

Қазақстан Бас прокуратурасы 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде азапталған Қырғызстан азаматы Викрам Рузахуновтың ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Ақпаратты «Курсив» тілшісіне Бас прокуратураның ресми өкілі Ерлан Жанпейісов растады.

«Бұл іс бойынша (Викрам Рузахуновтың ісі – ред.) Бас прокуратурамен сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Қосымша ақпарат алу үшін Бас прокуратураға ресми сұрау жолдау қажет»,– делінген Жанпейісов жауабында.

Азаптауға қатысты іс бойынша 4 полицейдің қамалғаны туралы ақпаратты осыған дейін Викрам Рузахуновтың өзі де жазған. 

«Төрт полиция қызметкері ұсталып, қамауға алынды. Біреуі азаптап, күш көрсеткенін мойындады. Екіншісі жалған ақпарат таратып, өзін өртеймін деген анасы мен балаларын алдына салып отыр»,– деп жазды Рузахунов.

Ол қазір осы азаптау ісіне қатысты 22 жәбірленуші бар екендігін айтқан. Айтуынша, олар Қаңтар оқиғасы кезінде Рузахуновпен бірге азапталған.

«Халықаралық құқықтық бастама» қорының жетекшісі Айна Шорманбаева да бұл ақпаратты растап, Қаңтар оқиғасы кезінде азапталған Орталық Азия елдерінен келген шамамен жүз мигранттың ісі Қазақстан бас прокуратурасына берілгенін жазды.

Айта кетейік, 2023 жылы 25 мамырда Астана қаласының Алматы аудандық соты қырғызстандық музыкант Викрам Рузахуновтың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау туралы талап-арызынан бас тартқан.

2024 жылы 19 наурызда Алматының Алмалы аудандық соты Қаңтар оқиғасы кезінде азаптау әдісін қолданған үш полиция қызметкеріне үкім шығарған. Қылмыстық істі Алматы қаласының арнайы прокурорлары тергеді. Прокурорлар 2022 жылғы 9 қаңтарда Алмалы аудандық полиция басқармасында жеткізілген 3 азаматқа қатысты кінәлі полицейлер азаптау қолданғанын дәлелдеді.

Сондай-ақ оқыңыз