Ресейдің Орынбор қаласы маңындағы Орал өзенінде су деңгейі екінші күн қатарынан төмендеді. 14 сәуірде су деңгейі 18 см төмендеді.
РБК басылымының ақпаратына сүйенсек, 15 сәуірде Орынбор маңындағы Орал өзеніндегі(Қазақстандағы атауы Жайық өзені – ред.) су деңгейі Мәскеу уақыты бойынша таңғы сағат 6:00-де 1169 см-ге дейін түскен. 14 сәуірде су деңгейі 1187 см болған.
13 сәуірде Орынбор облысының губернаторы Денис Паслер су тасқынының шарықтау шегіне жеткенін айтқан. Шарықтау шегіне жеткен тұста Жайықтағы су деңгейі 1185 см болған.
Алайда 15 сәуірге қараған түні Қазақстандағы Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов қалада су тасқыны қаупі бар екенін айтқан.
«Мамандардың айтуынша, алдағы 2-3 күнде Ресей Федерациясының Ириклин су қоймасынан келетін судың үлкен көлеміне байланысты Жайық өзенінің деңгейі көтерілуі мүмкін. Қазір су тасқынына қарсы іс-шараларға 350 бірлік арнайы техника және 2000-ға жуық адам жұмылдырылды. Сондай-ақ көмекке облысымыздың басқа өңірлері мен аудандарынан әскери қызметшілер, ТЖД қызметкерлері және еріктілер келді», – деді әкім өзінің халыққа үндеуінде.
Бұдан бөлек, ол қауіпті жағдайға байланысты су басу қаупі өте жоғары Жайық өзенінің бойындағы Курени, Старица және Коминтерн ауданында орналасқан саяжай тұрғындарын шұғыл түрде эвакуациялау қажет екендігін айтты.
10 сәуірде өңірлердегі су тасқыны бойынша жағдай әлі де күрделі. Әсіресе, СҚО Сергеев су қоймасында су деңгейі көтерілуде, ал БҚО-да Жайық арнасынан шығуы мүмкін деген ақпарат тараған. Осыған орай ТЖМ халықты қауіпсіз жерге эвакуациялап жатыр.
ТЖМ хабарлауынша, азаматтық қорғау қызметтерімен 88 мыңға жуық адам, оның ішінде 30 мыңға жуық бала эвакуацияланған. Ал уақытша орналастыру пунктеріне 7 мыңнан астам адам, оның ішінде 3 500 бала орналастырылған. ТЖД өкілінің мәліметінше су тасқыны басталғалы бері су басқан аймақтардан 12 970 адам эвакуацияланған. Оның 5 400-ге жуығы бала. 1155 тұрғын үй су астында қалған. Әзірге 732-сіне тұрғындар қайтып оралған.
Қазсушар мекемесінің жедел ақпаратында Жайық өзенінің бір тәулікте 8 см көтеріліп, таңғы сағат 8-де 718 см жеткені жазылған. Қауіпті деңгей 850 см құрайды. Жалпы су тасқыны басталғалы бері өзен деңгейі 6 метрге көтерілген.