Михаил Ломтадзе Kaspi.kz холдингіндегі үлесін азайтты
Kaspi.kz АҚ өз акционерлері тізілімінің үзінді көшірмесін Қазақстан қор биржасына ұсынды. Онда Kaspi.kz басшысы және тең құрылтайшысы Михаил Ломтадзе финтех холдингіндегі үлесін 21,53%-ға дейін қысқартқаны жазылған.
2024 жылдың 1 қаңтарындағы акционерлердің құрамы туралы мәліметтерге сүйенсек, Михаил Ломтадзенің финтех холдингіндегі үлесі 23,42%-ды құраған.
KASE-де соңғы жаңартылған мәліметтерге сәйкес, 1 сәуірдегі жағдай бойынша оның үлесі 21,53%-ға дейін қысқарды.
Kaspi.kz-тің тағы бір ірі акционері Вячеслав Ким жыл басынан бері финтех холдингіндегі үлесін 22,27%-дан 20,39%-ға, ал Baring Funds – 26,13%-дан 24,24%-ға дейін төмендетті.
Нәтижесінде жыл басынан бері үш ірі акционердің жалпы үлесі 71,82%-дан 66,16%-ға дейін қысқарды.
Үзінді көшірмеге сәйкес:
- компанияның жарияланған қарапайым акцияларының жалпы саны 216 742 000 дана;
- компанияның 199 500 000 қарапайым акциялары орналастырылған;
- компания өзінің 9 491 110 акциясын кері сатып алды;
- компанияның орналастырылған акцияларының жалпы санынан әрқайсысы бес және одан көп көлемде иеленген тұлғалар.
Еске сала кетсек, қаңтарда Kaspi.kz тобының негізгі акционерлері бағалы қағаздарын америкалық NASDAQ биржасында орналастырды. Онда финтех компания шамамен 1 млрд доллар табыс тапты.
Аталған көрсеткіш компанияның Лондон қор биржасындағы (LSE) депозитарлық қолхаттары бағасына негізделген болжамнан 127 миллион доллар артық.
Ол кезде дивиденд мөлшері бір қарапайым немесе артықшылығы бар акцияға 2,3 мың теңгені құрады. KASE сайтындағы мәліметтерге сәйкес, айналымда компанияның 18,3 миллион қарапайым және 372,5 мың артықшылығы бар акциясы жүр.
Kaspi.kz акциялары KASE-де орналастырылған. Жаһандық депозитарлық қолхаттары АҚШ-тың NASDAQ биржасында саудаланады. Жуырда компания Лондон қор биржасында (LSE) өзінің ADS (америкалық депозитарлық акциялар) және ЖДҚ (жаһандық депозитарлық қолхат) листингінен бас тартатынын хабарлады. Делистинг 2024 жылдың 25 наурызына дейін өтті.