ҚТО жыл басынан бері Германияға жөнелтілген мұнай көлемін арттырды
ҚТО 2024 жылдың І тоқсанында Германияға 300 мың тонна мұнай жөнелткен. Бұл 2023 жылдың І тоқсанымен салыстырғанда 40 мың тоннаға артық. «Адамова» қақпасына тасымалданған мұнай «Транснефть» ЖАҚ магистральдық мұнай құбыры жүйесі арқылы ГФР-ге жеткізіледі.
«2024 жылдың бірінші тоқсанында қазақстандық мұнайды «Транснефть» ЖАҚ магистральдық мұнай құбыры жүйесі арқылы Германияға одан әрі жеткізу үшін «Адамов» қақпасына мұнай жеткізу пунктіне дейін тасымалдау көлемі 300 мың тоннаны құрады, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 260 мың тоннаға артық», – делінген хабарламада.
Сәуір айында «ҚазТрансОйл» АҚ Германияға 120 мың тонна қазақстандық мұнайды тасымалдауды жоспарлап отыр.
Бұл транзитке ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы 2002 жылғы 7 маусымда жасалған келісім негіз болған.
Қазақстан 2023 жылдың көктемінен Германияға мұнай экспорттауды бастады. Шикізат «Дружба» мұнай құбыры арқылы поляк-беларусь шекарасындағы тапсыру пунктіне дейін жеткізіледі. «Дружба» магистральдық мұнай құбыры арқылы Германия жеткен мұнай «Шведт» МӨЗ-інде өңделеді.
Былтыр «ҚазТрансОйл» 1,2 млн тонна жеткізуді жоспарлаған болатын. Бірақ экспорт ақпан айында басталып, салдарынан оның жалпы көлемі небәрі 993 мың тоннаны құраған.
Бұған дейін ҚТО басшылығы 2024 жылы Германияға 2 млн тонна мұнай жеткізуге дайын екенін мәлімдеді. Румынияның Аdevural газетіне берген сұхбатында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев те Қазақстанның осы бағытта мұнай жөнелтуге мүдделі екенін мәлімдеген. 2023 жылы Қазақстан Еуроодаққа экспорттық мұнайдың жартысынан астамы – 46,6 млн тоннаны жеткізді.
Қазақ мұнайы негізінен Италия, Франция, Нидерланд, Румыния, Испания және Еуроодақтың басқа елдеріне экспортталады.
«ҚазТрансОйл» АҚ – магистральдық мұнай құбыры бойынша ұлттық операторы. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ тобына кіреді. Ұзындығы 5,4 мың км әртараптандырылған магистральдық мұнай құбыры желісіне иелік етеді.