Алматыда тұратын 44 соғыс ардагеріне 2 млн теңгеден біржолғы төлем беріледі

Жарияланды
соғыс ардагері
Қала әкімшілігі қалада тұратын соғыс ардагерлеріне 88 млн теңге төлейді / Фото: kursiv.media

Алматы қаласында тұратын Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне 2 миллион теңгеден біржолғы төлемі беріледі. Бұл жайлы Алматы мәслихаты депутаттарының кезектен тыс отырысында айтылды.

Қала әкімі Ерболат Досаев Жеңістің 79 жылдығына орай Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне берілетін төлем мөлшерін 2 миллион теңгеге дейін арттыру туралы шешім қабылдаған. Бұл бастаманы Алматы мәслихатының депутаттары бірауыздан қолдады.

Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов жыл сайын Ұлы Отан соғысының ардагерлерлеріне Жеңіс күніне орай 1 миллион теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік төлем төленіп келгенін айтты.

«Алматы қаласы әкімінің тапсырмасымен біржолғы әлеуметтік көмекті 1 миллион теңгеге ұлғайту туралы шешім қабылдаймыз. Биыл ардагерлер 2 миллион теңге көлемінде біржолғы көмек алады», деді Жаубасов.

Ол бұл үшін қосымша бюджеттен қаржы сұралмағанын, төленетін ақшаның үнемделген қаражат есебінен берілетінін айтты. Жаубасовтың айтуынша, Алматыда 44 ҰОС ардагері тұрады.

Ал өткен жылы 56 ардагерге 1 млн теңге әлеуметтік төлеммен бірге, мәслихат шешімі бойынша, қосымша 500 мың теңге қаражат берілген. Ол кезде қала басшысы Ерболат Досаев: «9 мамыр – бәріміз үшін қасиетті мереке. Өкінішке қарай, ардагерлеріміз жыл сайын азайып келеді. Соңғы мәлімет бойынша Алматыда 58 ардагер тұрады. Олар мерекені аман-есен қарсы алса екен деген тілек бар», – деген болатын.

Сонымен бірге өткен жылы Астанада тұратын 10 соғыс ардагеріне 1,5 млн теңгеден берілген болатын.

Еске сала кетсек, биыл Қазақстанда Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне арналған әскери шеру болмайды. Қорғаныс министрлігі бюджет қаражатын үнемдеп, оны басқа істерге жоспарлағанды жөн деп тапқан.

Сондай-ақ оқыңыз