Су тасқынынан зардап шеккендерді Үкімет тұрғын үймен қалай қамтамасыз етеді?
Қазақстан Үкіметі төтенше жағдай салдарынан баспанасыз қалған азаматтарға тұрғын үй беру қағидаларына өзгеріс енгізді. Оған сәйкес, төтенше жағдайға байланысты үйсіз қалған азаматтар мемлекет берген үйден бас тартып, өзі құрылыс жүргізе алады.
Су тасқынынан зардап шеккендерге үй берудің үш нұсқасы
Зардап шеккен отбасыларға үй үш түрлі нұсқада беріледі. Бірінші жағдайда мемлекет дайын үй береді немесе үй салып береді. Екінші жағдайда азаматтар мемлекет бекіткен үлгі негізінде өздері үй салып алады. Үшінші нұсқа, белгіленген елдімекеннен өздері үй таңдап сатып алады.
«Жергілікті атқарушы орган дайын тұрғын үй сатып алады не кейіннен тұрғын үйсіз қалған азаматтарға беру үшін мемлекеттік тұрғын үй қорына бере отырып, үлгілік жоба бойынша жаңа тұрғын үй салуды жүзеге асырады», – делінген құжатта.
Құжатта мемлекет беретін үйден тұрғындар бас тарта алатыны жазылған.
«Төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйден бас тартқан кезде үлгілік жобалар бойынша жеке тұрғын үй құрылысын дербес жүзеге асыру шығыстары өтеледі. Немесе тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссия айқындаған аумақтағы әкімшілік-аумақтық бірліктің сатып алу-сату шарты бойынша тұрғын үйдің құны төленеді», – делінген құжатта.
Сонымен бірге құжатқа сәйкес, азаматтарға жеке тұрғын үй құрылысын ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысын алған өзге құрылыс жобалары бойынша жүргізуге рұқсат беріледі.
Жергілікті атқарушы органға да зардап шеккен азаматтар үшін жаңа тұрғын үй салатын кезде ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысы бар жобалардың құрылысын жүргізу барысында үлгілік жобадан ауытқуына да рұқсат. Ондайда жобада белгіленгеннен артық айырма қосымша қаржыландырылады.
Ал сатып алу-сату шарты бойынша тұрғын үй сатып алу туралы шешім қабылдаған азаматтар тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссия айқындаған елдімекендердің аумағынан тұрғын үй іздей алады. Бұл ретте тұрғын үйдің құны үлгілік жобаның құнынан және тәуелсіз бағалау компаниясының есебінде айқындалған құннан аспауға тиіс.
Мұнда жылжымайтын мүлікті жергілікті әкімдіктер бағалайды. Сонымен бірге азаматтар өз қаражаты есебінен де тәуелсіз бағалау компаниясын да тарта алады.
Мемлекет зақым келген үйлерді қалпына келтіру шығынын өтейді
Мемлекет сонымен қатар үйге зақым келген жағдайда да шығынын өтемек. Келген зақым екі түрлі әдіспен қалпына келтіріледі. Бірінші жағдайда жөндеу жұмыстарына мердігер ұйымды жергілікті атқарушы органдар тартады. Екінші жағдайда жөндеу жұмыстарын тұрғын үй иесі өзі жүргізеді, ал шығынын мемлекет өтеп береді.
Еске сала кетсек, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев су тасқыны салдарынан қираған үйлерді қайта салуға мемлекет бюджеттен әр үй үшін 22 млн теңге бөлінетінін айтты.
«Бір үйдің құнын 22 млн теңге деп бағалап отырмыз. Бұл 2 пәтерлі 80 квадрат метр үйдің құны. Яғни бір квадрат метр үшін 281 мың теңге деп есептелген», – деді министр.
Сонымен бірге Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев су тасқынына кейін зардап шеккендерге баспана тұрғызу жұмыстарының сапасын өз бақылауында ұстайтынын айтты.