Жайық бойымен келетін су көлемін азайту мақсатында Каспий теңізіне құятын 14,5 метрлік канал қазылып жатыр. Бұл жайлы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазсушар» мекемесінің Атырау облыстық филиалы мен жергілікті әкімдік бірлесіп су тасқынына дайындық аясында қосымша 14,5 шақырым канал қазып жатыр. Тереңдігі – 2 метр, ені – 7 метрден асатын канал Атырау қаласы арқылы өтетін судың көлемін азайту мақсатында қазылуда. Яғни Жайықтан келген су қосымша канал арқылы Каспий теңізіне құяды», – делінген министрлік хабарламасында.
Министрліктің хабарлауынша Атырау облысына келген суды Қазсушарға қарасты негізгі 4 канал қабылдап алып, теңізге өткізеді. Олар – Соколок, Сарыөзек, Бақсай және Нарын каналдары. Ал қазылып жатқан жаңа канал Ресейдің Сақмар өзені мен Ириклі су қоймасынан келетін суды қабылдап алуы тиіс. Қазіргі уақытта осы мақсатта қызу дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Бұл су қалаға сәуір айының соңы немесе мамырдың басында келеді деп болжанып отыр.
Еске сала кетсек, Атырау облысының төтенше жағдай жөніндегі жедел штабы Жайық-Каспий каналының сағасы тереңдетіліп жатқанын хабарлады. Жоспарға сәйкес өзен сағасын 4 метрден 20 метрге дейін тереңдету жоспарланған. Бұл – Жайық өзенінен Каспий теңізіне тасқын судың тезірек жетуін қамтамасыз етпек.
Жайыққа Ресейдің Орал өзенінен су келіп қосылады деп күтілуде. Соңғы ақпараттарға сенсек, Ресейдің Орынбор қаласы маңындағы Орал өзенінде су деңгейі екінші күн қатарынан төмендеп жатыр. 14 сәуірде су деңгейі шамамен 18 см төмендеген.
15 сәуірге қараған түні Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов үндеу жариялап, қалада су тасқыны қаупі бар екенін айтты. Сонымен бірге ол су басу қаупі өте жоғары екенін ескертіп, Жайық өзенінің бойындағы Курени, Старица және Коминтерн ауданында орналасқан саяжай тұрғындарына шұғыл түрде қауіпсіз жерге көшуді ұсынды.