Ұлытау облысында алтын өндіретін BASS Gold компаниясы 10 млн долларға тең облигация шығарады
Ұлытау облысында алтын өндіретін BASS Gold компаниясы 12 пайыздық мөлшерлемемен 10 млн долларға екі жылдық долларлық облигация шығармақ. Бағалы қағаздар шығарылымы Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтында жарияланды. Сонымен қатар компания бұған дейін шығарылған облигациясын өтегенін хабарлады. Өтелген облигациялар құны 516,8 мың долларды құрайды.
Жаңа шығарылымдағы бір облигацияның номиналды құны – 100 доллар болады. Жалпы саны 100 мың бағалы қағаз шығарылады. 12% купондық мөлшерлеме бүкіл айналым мерзіміне бекітілген. Сыйақысы жылына екі рет жарты жылда бір рет төленеді, қосымша сыйақы қарастырылмаған.
2023 жылдың сәуірінде компания Қазақстан қор биржасының балама платформасында жылдық 10,75% бағамен 10 млн доллар облигацияларын листингке шығарды. Бағалы қағаздар биржаға үш бөліп орналастырылған. Бұл қарызды компания 2024 жылдың сәуір айында өтеуі тиіс еді.
Осы қарыз ақшаға салынған алтын өңдейтін фабрика Үшшоқы кен орнында 12 сәуірде іске қосылған. Фабрика кен өңдеудің толық циклін жүзеге асырып, Доре қорытпасы түріндегі өнім шығарады. Компанияның хабарлауынша, толық өндірістік күшіне енгенде жылына 72 мың тонна кен өңдеп, айына 20,8 келі, жылына 250 келіге жуық алтын өндірмек.
Былтыр күзде BASS Gold жарғылық капиталын 238,4 миллион теңгеге – 305,6 миллион теңгеге дейін, одан кейін тағы да 316,3 миллион теңгеге дейін ұлғайтты. Одан бөлек, компанияның жалғыз иесі ауысқан. Аудиторлық есепте қазір компанияның 99,1 пайыз үлесі BASS Holding-ке тиесілі екені жазылған. BASS Holding құрылтайшылары – Шыңғыс Сәдуақасов пен Ерлан Тасболатов.
Компанияның 2023 жылғы таза табысы 311,4 млн теңгеден 305,9 млн теңгеге дейін төмендеді. Активтер 7,3 есеге – 7,3 млрд теңгеге дейін, меншікті капитал – 1 млрд теңгеге дейін 2 есеге, міндеттемелер – 15 есе, 6,2 млрд теңгеге дейін өсті.