«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ мемлекетке 2022 жылдың бөлінбеген кірісі есебінен қарапайым акциялар бойынша дивиденд төлемек. Төленетін дивиденд көлемі 100 млрд теңгені құрайды. Қордың жалғыз акционері – Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің шешімі KASE-ге жолданған.
«Облигациялары Қазақстан қор биржасының (KASE) ресми тізімінде тұрған «Самұрық-Қазына «ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ (Астана) 2024 жылдың 18 сәуірінде қарапайым акциялар бойынша 2022 жылдың бөлінбеген кірісі есебінен жалпы сомасы 100 002 138 766,40 теңгеге дивидендтер төленетіні туралы хабарлады», – делінген.
Қордың 2022 жылғы бөлінбеген кірісінен 100 млрд дивиденд төлеу туралы Үкімет қаулысы 2024 жылдың 13 сәуірінде қабылданған. 1 қарапайым ақцияға шаққандағы дивиденд көлемі 28,72 теңгені құрайды. Дивиденд 18 сәуірде төленбек.
Былтыр қор 2022 жылғы таза пайдасынан 328 млрд теңге дивиденд төлеген еді. «Самұрық-Қазынаның» алдыңғы жылғы таза пайдасы жоспарлы 1,556 трлн теңгеден асып, 1,922 трлн теңгені құрады. Қордың бір қарапайым акциясына есептегендегі 2022 жылғы дивиденд мөлшері 68,36 теңге болды.
Сонымен қатар қор таза кірісінің кем дегенде 7% мөлшерін жарғысында көрсетілген тәртіппен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына аударады. 2022 жылғы табысынан «Қазақстан халқына» қорына 66 миллиард теңге бағыттаса, «Самұрық-Қазына» қоры тобының активтерін жекешелендіруден Ұлттық қорға 92 миллиард теңге бөлген.
Нәтижесінде қордың 2022 жылдағы таза пайдасынан төлеген дивиденді 0,5 трл теңгеден асады. 2020 жылы – 88,3 млрд, 2021 жылы – 170 млрд теңге дивиденд төлеген.
2023 жылдың қорытындысында «Самұрық-Қазына» АҚ 1,8 трлн теңге кіріс көреді деп болжанған. Бұл 2022 жылғы нәтижеден 5% кем көрсеткіш.
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ 2008 жылы құрылды. Қор елдің ең ірі стратегиялық компанияларын басқарады, соның ішінде Air Astana, «Қазақтелеком», «Қазатомөнеркәсіп», «ҚазМұнайГаз», «Қазпошта», «Қазақстан темір жолы», KEGOC және т.б бар. Қазіргі кезде құрамына 13 еншілес компания кіреді.