Шариғат бойынша кешбэк пен дисконт карталарды қолдануға рұқсат па? ҚМДБ пәтуа шығарды
Шариғат бойынша кешбэк пен дисконт карталарды қолдануға рұқсат па? Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осыған қатысты пәтуа шығарды.
Кешбэк жүйесінде карта иесі дүкеннен тауарды сатып алғанда банк клиенттің шотына белгілі бір пайызды қайтарады. Ал сатушы банк арқылы тауарын сатқаны үшін эмитентке белгілі бір комиссия төлейді.
Діни басқарманың мәліметінше, кешбэктің үкімі төлем карталардың түрлеріне байланысты әрқалай болады.
«Дебеттік карта – клиенттің банк шотындағы ақша сомасы шегінде төлемді немесе ақша аударымын жасауға мүмкіндік беретін төлем картасы. Дебеттік картаны қолдануға көптеген ғалымдар мен пәтуа ұйымдары рұқсат берген. Өйткені бұл картада өсім беру қарастырылмайды», – деп түсіндірді басқармада.
Сондай-ақ, Ислам Фиқһ Академиясының 139 (5/15) қарарында: «Дебеттік карталарды шығаруға әрі қолдануға рұқсат», – деп жазылған.
Ал кредиттік карта – эмитент пен клиент арасында жасалған банктік қарыз шартының талаптарымен төлемдерді, ақша аударымдарды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін төлем картасы.
«Кейбір эмитенттер клиентке қарызды пайызбен немесе пайызсыз беруі мүмкін. Пайызсыз берген жағдайдың өзінде қарызды уақытынан кешіктірсе, айыппұл белгіленеді», – деп жазылған пәтуада.
Басқарма ақпаратынша, кредиттік карталарды қолдануға байланысты ғалымдардың арасында екі түрлі көзқарас бар:
1) Кредиттік карталарда өсім әрі оған алып баратын шарттар қамтылғандықтан бұл картаны қолдануға тыйым салынады. Өйткені кредиттік картада эмитент пен клиент арасындағы байланыс қарыз ретінде қарастырылады. Егер кредиттік картаны қолдануға тыйым салынса, онда одан түскен кешбэкті де пайдалануға болмайды.
2) Эмитент қарызды пайызсыз береді. Бірақ қарызды өтеу уақытынан кешіктірсе, айыппұл белгілейді. Егер клиент қарызды пайызсыз алып, уақытылы төлеуге сенімді болса онда бұған қажеттілік жағдайда кейбір ғалымдар рұқсат берген. Дегенмен одан түскен кешбэкті қайырымдылыққа жұмсайды дейді.
Ал бонус жинақтауға мүмкіндік беретін арнайы картаға келсек
Сатушы өзі немесе кешбэк сервистерінің қызметін пайдалана отырып клиентті тарту мақсатында бонус карталарын ұсынады. Осы карта арқылы клиент балл, бонус жинап, сол дүкеннен зат алуына болады. ҚМДБ мәліметінше, бұл картаны қолдануға төмендегі шарттар негізінде рұқсат етіледі:
- Төлем карталары шариғат талаптарына сай болуы;
- Кредит карталарын пайдаланып, ол үшін бонустар алуға болмайды;
- Бонусты шариғатта тыйым салынбаған нәрсеге жұмсауы;
- Бонустың есесіне клиенттен комиссия алынбауы;
- Бонусты сый ретінде беруі;
- Бонус себепті тауарды қымбатқа сатпауы тиіс.
Дисконттық (жеңілдік) карта – бұл сауда орталықтары, туристік фирмалар т.б. жеңілдіктерді ұсынатын карта. Бұл карта ақылы және тегін болуы мүмкін.
«Ислам Фиқһ Академиясының №138 қарарында: «Егер карта тегін берілсе, ондағы берілетін сыйлықтарды, жеңілдіктерді пайдаланудың оқасы жоқ. Бірақ сатушы жеңілдік бергені себепті тауарды қымбат сатпауы тиіс. Егер дисконт картаны сатса әрі бағасы негізі құнынан жоғары болса немесе жыл сайын төлеп тұратын төлемі болса, онда пайдалануға тыйым салынады. Өйткені бұл құмар болып саналады», – деп хабарлады басқарма.