Алматыда 21 сәуір күні қаланың бірқатар көшелері жабылады

Жарияланды
марафон
Марафон өтетін күні түнгі 00:00-ден бастап күндізгі 11-ге дейін кейбір көшелерде қозғалыс шектеледі / Фото: kursiv.media

Алматыда 21 сәуірде жартылай марафон өтуіне байланысты қаланың бірқатар көшелері жабылады. Бұл жайлы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

«Марафонның өткізілуіне байланысты 21 сәуірде сағат 00:00-ден 11:00-ге дейін жарыс өтетін жердегі жолдар ішінара жабылады», – делінген баспасөз хабарламасында.

Жолды жабу жоспары мынадай:

  • Мәре сызығы 21 сәуір күні 7:00-де Тұңғыш Президент саябағынан басталады. Мұстафин көшесінен Науаи көшесіне дейінгі әл-Фараби даңғылының солтүстік жағындағы жол учаскесіндегі қозғалыс 21 сәуір сағат 00:00-ден 11:00-ге дейін жабылады. Оңтүстік жағы ашық болады.
  • Әл-Фараби даңғылының солтүстік жағымен Мұстафин көшесінен Назарбаев даңғылына дейінгі қозғалыс сағат 6:45-тен 09:10-ға дейін жабылады. Оңтүстік жағындағы қозғалысқа шектеу жоқ.
  • Сейфуллин даңғылының әл-Фараби даңғылынан Абай даңғылына дейінгі жол учаскесіндегі қозғалыс сағат 7:10-нан 08: 30-ға дейін толығымен жабылады.
  • Абай даңғылының оңтүстік жағымен Сайын көшесінен Байтұрсынов көшесіне дейінгі қозғалыс сағат 8:10-нан 10:40-қа дейін жабылады. Солтүстік жағы көлік қозғалысына ашық.
  • Абай даңғылының оңтүстік жағымен Сейфуллин көшесінен Байтұрсынов көшесіне дейінгі қозғалыс сағат 7:20-дан 09:00-ге дейін жабылады. Солтүстік жағы көлік қозғалысына ашық.
  • Сайын көшесінің шығыс жағымен әл-Фараби даңғылынан Абай даңғылына дейінгі қозғалыс сағат 08: 00-ден 09:40-қа дейін жабылады. Батыс жағында көлік қозғалысына рұқсат.

Марафон жайлы

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, 8 мыңнан астам қатысушы әл-Фараби даңғылындағы Тұңғыш Президент саябағынан бастап Орталық стадионға дейінгі аралықты жүгіріп өтпек.

Биыл жартылай марафон жетінші рет ұйымдастырылайын деп жатыр. Оның аясында зияткерлік дамуы бұзылған спортшылар арасында жүгіру бойынша әлем чемпионаты өтеді, оған 8 елдің спортшылары қатысады деп жоспарланып отыр.

Марафоншыларға 4 қашықтық ұсынылады. Олар – 21,1 км жартылай марафон және 10 км қашықтықтағы марафон, скандинавиялық жүріс және Экиден командалық эстафетасы.

Бірінші ұзақ қашықтықтағы марафонға 18 жастан асқандар ғана қатыса алады. Ал қалған екі қашықтыққа 15 жастан бастап қатысуға рұқсат.

Сондай-ақ оқыңыз