Цифрлық даму министрлігі су басқан өңірлерді интернетпен қамту үшін 48 Starlink терминалын жіберді

Жарияланды
Starlink терминалын негізінен мектептер пайдаланады / Фото: kursiv.media

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі су басып, байланыс пен интернеттен ажырап қалған өңірлерге 48 Starlink терминалын жіберді. Бұл жайлы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

«ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі облыстық әкімдіктердің сұраныстарына сәйкес, су тасқыны аймағындағы өңірлерге 48 Starlink терминалын жіберді», – делінген хабарламада.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, су тасқыны салдарынан базалық станциялардың электр қуатынан ажырауы ұялы байланыс операторлары желілерінің жұмысына әсер еткен. Нәтижесінде СҚО, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола облыстарындағы 12 ауылдық елдімекен бойынша базалық станциялар тасымалданатын генераторлар көмегімен іске қосылған.

Осыған орай өңір халқы интернеттен ажырап қалмауы үшін Қостанай облысына 30, Ақтөбе облысына – 3, БҚО-ға – 3, Ұлытау облысына – 1 кешен, Атырау облысына – 6, ШҚО-ға – 2, СҚО-ға 3 терминал жіберген. Starlink кешені, ең алдымен, үздіксіз оқу процесін қамтамасыз ету үшін облыс мектептерінде орнатылады.

«Осы аптада республика бойынша бір уақытта қосылу үшін қосымша терминал кешендерін жіберу жоспарлануда. Қажет болған жағдайда және әкімдіктерден тиісті сұраулар түскен жағдайда Министрлік қосымша терминалдар жіберуге дайын»,  – деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Министрлік хабарлауынша, 447 ауылдық мектеп Starlink технологиясын қолдана отырып, интернетпен қамтамасыз етілген. Терминалдарды орнатқаннан кейін мектептердегі Интернеттің орташа жылдамдығы 200 Мбит/с жеткен.

Бұдан бөлек, министрлік Ақтөбе облысының әкімдігіне Thuraya спутниктік телефондарын пайдалануға берген. Бұл жабдықтар жедел, үздіксіз байланысты ұйымдастыру үшін қажет.

Еске сала кетсек, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин 2023 жылғы қазанда SpaceX компаниясы Қазақстанның екі мыңға жуық ауылының мектебін интернетпен қамтамасыз ететінін айтты. Ол еліміздің операторлары ауылға интернет жеткізуге келіспеген соң, амалсыздан SpaceX-ке жүгінгенін мәлімдеді.

Сондай-ақ министр келіссөздерге сәйкес интернет байланысының әр нүктесіне 200 доллар көлемінде қаражат жұмсау көзделіп отырғанын айтты. Ол бұл сомаға құрылғы құны мен орнату және техникалық қолдау көрсету қызметі кірмейтінін айтты.

Сондай-ақ оқыңыз