Су тасқынынан қырылған малдың өтемақысы Ұлттық статистика бюросы жариялаған нарықтық бағамен беріледі
Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде мал шығыны үшін өтемақы нарықтағы баға шеңберінде беріледі. Төрт-түлік малдың нарықтағы бағасы әр өңірде әртүрлі. Өтемақы мөлшері Ұлттық статистика бюросы жариялаған нарықтық құн негізінде анықталады. Ұлттық статистика бюросы еліміздегі төрт-түлік малдың нарықтағы орташа бағасын жариялады.
2024 жылдың наурызындағы мәліметке сүйенсек, еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің орташа бағасы (тоннасына) мынадай: ірі қара мал үшін 962 753 теңге, жылқы – 1 092 296 теңге, түйе – 1 061 900 теңге, қой-ешкі – 947 454 теңге, үй құстары – 869 016 теңгені құрайды.
Статистика бюросы төрт-түліктің жасына қарай нарықтағы орташа бағасын да ұсынды. Мәселен, сауын сиырдың бағасы 369 656 теңгені құраса, етті-сойылатын сиырдың құны 374 271 теңгенің айналасында. Бұқа 409 972, өгіз 426 767 теңгені құрайды. Бұзау бағасы 161 467 теңгенің төңірегінде.
Түйенің де нарықтағы орташа бағасы көрсетілген: бура 728 639 теңге болса, інген 708 442 теңге деп белгіленген. Ал жылқының 3 жастан асқандары мен дөнендердің бағасы 531 275 теңгені құрады. Құнан 388 984, тай мен бір жабағының нарықтағы құны 267 913 теңге мөлшерінде белгіленген.
Ұсақ мал басы саналатын қой мен ешкінің орташа бағасына келсек: қошқар – 69 312, қой 63 001, тоқты 46 304 болса, алты айлық марқалар 40 820 теңге, алты айға дейінгі жас қозының құны 29 581 теңгенің айналасында болып отыр. Ешкі бағасы 38 517 теңге, оның төлі лақтың нарықтағы орташа құны 21 898 теңге.
Жоғарыда келтірілген деректер республика көлеміндегі орташа баға. Әр өңірде басқаша баға белгіленген. Су тасқыны өршіп тұрған аймақтарда (жылқы мен сиыр) мал басының орташа құны қалай деген сауалға келсек. Мәселен, Ақтөбе облысында сауын сиырдың құны 409 354, жылқы 569 624 теңге деп белгіленген. Атырау облысында сиыр бағасы 458 258, жылқы 490 355, БҚО-да сиыр 429 607, жылқы 503 888 теңгені құрайды. Қостанай облысында сауынды сиыр басы 376 439 деп бағаланса, жылқы 585 245 теңге төңірегінде. Су тасқынынан қатты зардап шеккен тағы бір аймақ – Солтүстік Қазақстан облысы. Мұндағы нарықтағы орташа баға мынадай: сауынды сиыр 342 848 теңге, ал жылқы басы 648 733 теңге.
Шығын қалай есептеледі?
Қостанай облысының билігі су тасқыны өңірдегі шаруа иелеріне де оңайға түспей тұрғанын атады. Әкімдік тасқыннан зардап шеккендерге барынша қолдау жасалатынын мәлімдеді. Қазіргі уақытта мал иелеріне көмектесу үшін жергілікті атқарушы органдар зиянды өтеу бойынша барлық қажетті шараны қабылдауда.
«Бірінші кезең бюджет қаражаты есебінен залалды өтеуді көздейді. Су тасқыны салдарынан зардап шеккен мал иелеріне, егер өлген малдың сәйкестендіру белгілері (құлақ белгісі, тавро, микрочип) болса немесе олар туралы деректер ӨИС базасында болса, құны өтеледі. Егер жануардың орналасқан жері белгісіз болса, бірақ ол мәліметтер базасында тіркелген болса да , өтемақы қарастырылған. Мал иелері залалды өтеу туралы өтінішпен жергілікті атқарушы органға жүгінуі керек. Малдың тиесілігін анықтау қажет болған жағдайда кемінде үш куәгердің қатысуымен комиссиялық акт жасалады», – деп хабарлады Қостанай облысының әкімдігі.
Әкімдіктің мәлімдеуінше, екінші кезеңде басқа көздер есебінен өтемақы қарастырады. Мал иелері бекітілген нысан бойынша толтырылған залалды өтеу туралы өтінішпен жергілікті атқарушы органға жүгінуі керек. Бұл жағдайда куәлардың қатысуымен жануардың тиесілігін салыстыру және анықтау, сондай-ақ төтенше жағдайларды жою жөніндегі органдардан су басу фактісін растау талап етіледі. Өтемақы мөлшері Ұлттық статистика бюросы жариялаған нарықтық құн негізінде анықталады.
Су тасқынынан қанша мал қырылды?
Айта кетейік, ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі Олжас Тілебалдин су тасқыны болып жатқан өңірлерде 8,1 мың бас мал қырылғанын мәлімдеген еді.
«Жедел деректер бойынша өлген мал саны 8,1 мың бас. Оның ішінде ұсақ мал – 6 мың, ірі қара – 1,5 мың, жылқы – 514 бас»,- деді АШМ өкілі.
Айтуынша, су тасқыны кезіндегі шығынды барынша азайту бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде министрлік пен облыс әкімдіктері бірлесіп, 88 мыңнан астам ауыл шаруашылығы жануарларын қауіпсіз аумаққа айдаған.
Сондай-ақ су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің зардаптарын жою жөніндегі республикалық штабпен өлген мал иелеріне өтемақы төлеу алгоритмін әзірлеп бекіткен. Меншік иелері мен залалды анықтау және басқа да мәселелерді шешу үшін өңірлерде жергілікті атқарушы органдармен шығынды анықтау жөніндегі комиссия құрылған.
«Меншік иелеріне өтемақы мөлшері Ұлттық статистика бюросы жариялаған жануарлардың түрлері, жынысы мен жас шамасы бойынша нарықтық құны туралы мәліметтер негізінде айқындалатын болады», – деді Тілебалдин.