Freedom Bank Тәжікстанда еншілес ұйымын ашады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: bankffin.kz

Freedom Bank Тәжікстанда еншілес ұйымын ашады. ҚНРДА «Банк Фридом Финанс Қазақстан» АҚ-ға «Банк Фридом Финанс Тәжікстан» жабық акционерлік қоғамын құруға рұқсат берді.

«Агенттік Басқармасы «Банк Фридом Финанс Қазақстан» акционерлік қоғамына еншілес ұйым – «Банк Фридом Финанс Тәжікстан» жабық акционерлік қоғамын құруға рұқсат беру туралы 2024 жылғы 12 сәуірдегі № 19 қаулыны қабылдады», – делінген хабарламада.

1 сәуірдегі мәлімет бойынша, банктің меншікті капиталы 153 млрд теңгені құрайды. Жыл басындағы көрсеткіштен 20 млрд теңгеге өскен. Жиынтық активтері 2,2 трлн теңгеге тең болса, жиынтық міндеттемелерінің көлемі 2 трлн теңгеден астам. 2023 жылы банк 34,2 млрд теңге таза пайда тапқан. Ал жыл басынан бергі таза пайдасы 19,2 млрд теңгені құрайды.

Банк Freedom Holding Corp. ірі холдингінің құрамына кіреді. 100 пайыз акциясы «Фридом Финанс» АҚ-ға тиесілі.

2020 жылдың тамыз айында «Фридом Финанс» АҚ қазақстандық Kassa Nova банкін сатып алатынын жария еткен. Сол жылы желтоқсанның 21-інде ҚНРДА Kassa Nova банкін сатып алуға рұқсат берді.

Былтыр желтоқсанда Freedom Bank «холдинг» мәртебесін иеленген болатын. Сонымен қатар ҚНРДА Freedom Holding Corp. басты акционері Тимур Турловқа «Банк Фридом Финанс Қазақстан» АҚ-ның ірі қатысушы мәртебесін беруге келісті.

Freedom Holding Corp. холдингі –  Орталық Азия мен Шығыс Еуропада қаржы, бөлшек брокерлік операциялар, инвестиция, құнды қағаздар саудасы бойынша кеңес берумен айналысатын компания. Сонымен қатар Freedom еншілес құрылымдарында инвестициялық-банктік және андеррайтинг қызметтері көрсетіледі.

Холдингтің штаб-пәтері Алматы қаласында орналасқан, сонымен қатар компания 15 елде өкілдігі бар. Холдингтің қарапайым акциялары Nasdaq Capital Market, Қазақстан қор биржасы, Санкт-Петербург және Украина қор биржаларында саудаланады.

Сондай-ақ оқыңыз