Жаңалықтар

3,1 пайыз өсім көрсетуі мүмкін: Халықаралық валюта қоры Қазақстан экономикасына қатысты болжамын өзгертпеді

ХВҚ
Коллаж: kursiv.mediа

Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) жаһандық экономиканың өсіміне қатысты жаңартылған болжамын жариялады. Қазақстан ЖІӨ-сінің 2024 жылғы өсіміне қатысты болжамы 3,1% деңгейінде сақталған.

ХВҚ 2024 жылғы жаһандық өсімге қатысты болжамын 0,1 тармаққа өсіріп, 3,2%-ға дейін жақсартқан. Әлемдік инфляция 2024 жылы 5,9%-ға, ал 2025 жылы 4,5%-ға дейін төмендейді деген болжам жасалған. Бұл көрсеткіш бұған дейінгі болжамнан 0,1 тармаққа жоғары.

Алайда ХВҚ Қазақстан экономикасына қатысты болжамын өзгертпеген: бұған дейін валюта қоры ел экономикасы 3,1 пайызға дейін баяулайды деген. Ал Қазақстан үкіметі биыл ел экономикасының өсімі 5,3 пайызға жеткізуді мақсат тұтып отыр.

Елдегі инфляция одан әрі төмендеуін жалғастырғанымен, үкімет меже етіп қойған 5 пайызға тек 2026-2027 жылдары жетуі мүмкін.

ХВҚ-ның пессимистік болжамына Теңіз кен орнын кеңейту жобасының кешігуі себеп. Бұл жобаның кешігуі Қазақстандағы мұнай өндірісіне кері әсер етеді. Оған қоса құрылымдық реформалардың баяу жүзеге асуына байланысты, мемлекеттің экономикадағы үлесі басым болып тұр. Әлемдік нарықта мұнай бағасының құбылуы, арасында КҚК желісімен мұнай тасылмалының уақытша тоқтауы, ірі серіктес елдер (Еуропа мен Қытай) экономикасының баяулауы, Украинадағы соғыс та жанама әсер береді.

Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленіске қарамастан, ХВҚ мұнай бағасы 2024 жылы 2,5%, яғни барреліне 78,6 долларға дейін арзандайды, 2025 жылы барреліне 6,3%-ға – 73,7 долларға дейін төмендейді деп отыр. Сарапшылар мұны Қытайдағы мұнай сұранысының бәсеңдеуі және ОПЕК+ ұйымына кірмейтін елдердегі мұнай өндірісінің жылдам өсуі, сонымен қатар нарықтағы үлесті сақтау үшін ОПЕК+ елдерінен мұнай жеткізілімдерінің артуымен байланыстырады.

Бұл ретте институт Теңіз кен орнын кеңейту жобасы уақтылы жүзеге асса, Қазақстан экономикасының өсімі 2025 жылы 5,6 пайызға дейін жеделдеуі мүмкін екенін жазады.

Алайда Halyk Finance сарапшылары Халықаралық валюта қорының болжамы тым пессимистік деп тұжырымдайды. Талдаушы Санжар Қалдаровтың пікірінше, ел экономикасын мұнайдан бөлек қолдайтын факторлар баршылық.

Теңіз кен орнын кеңейту жобасы кешігіп жатқанымен, биыл инфляцияның төмендеуі, барреліне 80 доллардан асып кеткен мұнай бағасы, сонымен қатар. ірі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы экономикалық өсімге ықпал етпек. Десе де сарапшы елдегі су тасқыны мен оның зардабы, салық төлемдерінің қысқаруы, мұнай өндіру көлеміне қатысты белгісіздік экономика өсіміне кері әсер етуі мүмкін екенін де айтады.