Жаңалықтар

Қазақстан «Қашаған» операторынан сот арқылы 150 млрд доллар өндіріп алмақ – Bloomberg

«Қашаған» операторы өтемақы төлей ме? / Фото: shutterstock

Қазақстан «Қашағанда» мұнай өндіретін халықаралық компаниялардан 150 млрд доллар көлемінде өтемақы талап етіп отыр, деп жазады Bloomberg жеке дереккөздеріне сілтеме жасап.

2023 жылдың сәуірінде Bloomberg Қазақстанның «Қашаған» операторы North Caspian Operating Company N.V.-ға қарсы 13 млрд доллар сомасына сотқа шағым түсіргенін хабарлады.

Бұған себеп – халықаралық компаниялардың тендерлік процедураларды бұзып, мердігерлік жұмыстарды толық орындамауы. Қазір Қазақстан арбитраждық шағымдарын 150 млрд долларға дейін арттырды.

«Қосымша талап сомасы 138 миллиард доллар. Бұл үкіметке уәде етілген, бірақ кен орнын игеріп жатқан компанияның мұнай өндіру құнының есебін көрсетеді», – деп жазады Bloomberg.

Осы орайда Қазақстан Энергетика министрлігі NCOC консорциумымен төрелік талап қою туралы ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.

«Солтүстік Каспий жобасы бойынша ӨБК ережелерінің шарттарына сәйкес төрелік даулардың, талап-арыздардың егжей-тегжейлері жария етілмейді. Бұл тек тараптар төрелік рәсімдер аясында шешуге ниетті коммерциялық дау», – деп хабарлады министрліктің ресми өкілі Шыңғыс Ілиясов.

«Қашаған» операторы NCOC кен орнындағы өнімді бөлуге қатысты арбитраждық талқылауға жататын бірқатар дау бар екенін растады. Алайда соттың құпия сипатына байланысты қосымша түсініктеме беруден бас тартты.

Итальялық Eni мұнай компаниясы да Bloomberg агенттігіне Қазақстан билігі арбитраждық сот ісін бастағанын растады. Бірақ процестің нақты шарттары туралы түсінік беруден бас тартты.

TotalEnergies сұрақтарға бірден жауап беруден бас тартты. Shell энергетика департаменті түсініктеме бермеді.

Bloomberg мәліметінше, Қазақстан бұған дейін де «Қашаған» мен «Қарашығанақта» мұнай өндіретін халықаралық компаниялардан өтемақы талап еткен. Мәселен, 2020 жылы Shell, Eni және олардың «Қарашығанақ» мұнай-газ кәсіпорнындағы серіктестері мемлекетпен табыстарды бөлуге қатысты көптен бері келе жатқан дауды реттеу үшін 1,3 миллиард доллар төледі.

2008 жылы «Қашаған» серіктестері Қазақстанға 5 миллиард доллар төлеуге және кәсіпорынның ірі үлесін мемлекеттік «ҚазМұнайГазға» сатуға келісті. Осылайша шығынға байланысты дауды шешті.

«Дау Орталық Азиядағы ең ірі мұнай өндіруші елде жұмыс істеудің күрделілігін көрсетеді, мұнда ірі халықаралық компаниялар күрделі экологиялық және геологиялық жағдайларға тап болып, үкімет өнімді бөлу туралы келісімдердің пайдасын барынша арттыруға сенімді көзқарас ұстанды», – деп жазады басылым.

2023 жылы Қазақстан «Қашағандағы» серіктестерімен арадағы дауларды тікелей келіссөздер арқылы шешу мүмкіндігін қарастыруы мүмкін екенін мәлімдеді.

NCOC консорциумының акционерлері KMG Kashagan B.V. (16,877%), Shell Kazakhstan Development B.V. (16,807%), Total EP Kazakhstan (16,807%), AgipCaspian Sea B.V. (16,807%), ExxonMobil Kazakhstan Inc. (16,807%), CNPC Kazakhstan B.V. (8,333%) және Inpex NorthCaspian Sea Ltd. (7,563%).

Бұған дейін Bloomberg «Қашаған» кен орнына иелік ететін ірі мұнай компаниялары мен Қазақстан билігі өзара мәміле жасауға жақын, деп хабарлаған. Ол кезде компаниялар 5 млрд доллар көлеміндегі экологиялық айыппұлға қатысты мәселені шешу туралы ақпарат таратқан.