Қызылорда облысындағы «Шалқия» кен орнында қорғасын-мырыш өндіру қазан айында басталып, 2025 жылы оның көлемі 2,2 млн тоннаға жеткізілмек
«Тау-Кен Самұрық» тау-кен өндіру компаниясы («Самұрық-Қазынаның» еншілес кәсіпорны) 2024 жылдың қазан айында Қызылорда облысындағы «Шалқия» кен орнында қорғасын-мырыш өндіруді бастамақ. 2025 жылы өндіріс көлемін 2,2 млн тоннаға жеткізу көзделген. Бұл туралы MINEX-2024 форумында компанияның басқарма төрағасы Бақыт Шыршықбаев айтты.
«Тау-кен жұмыстарының басталуы тұрғысынан біздің жоспарымыз 2024 жылдың қазан айында өндіруді бастау. Сонымен қатар келесі жылы 2,2 миллион тонна кен өндіру. Қазір зауытымыз салынып жатыр. Осы ретте толлинг, яғни бұл кенді үшінші тарап фабрикасында өңдеу әдісін қарастырып жатырмыз. Келіссөздерді аяқтап, басқа зауыттарда өңдеу бойынша зерттеу жүргізіп жатырмыз. Әзірге кәсіпорындардың атын атай алмаймын», – деді Шыршықбаев MINEX-2024 форумы барысында.
Оның айтуынша, «Шалқия» кен орнында өндірілген металдарды өңдейтін серіктес зауыттар келіссөздер аяқталған соң белгілі болады.
«Шалқия» жобасын Еуропалық қайта құру және даму банкі де қаржыландырады. Жұмыс қалыпты жүріп жатыр. Қазіргі уақытта күрделі тау-кен жұмыстары жүргізілуде, технологиялық жабдықтар жеткізу сатысына келдік. Әріптестермен акциялардың бақылау пакетін, яғни 51%-дан 100%-ға дейін сатып алуға қатысуға дайын адамдармен келіссөздер жүргізуге дайынбыз. Бұл ретте әлі келіссөздер жүріп жатыр және нақты ақпарат беруге әлі ерте”, – деді спикер.
Сонымен қатар ол «Тау-Кен Самұрық» тау-кен өндіру кәсіпорны «Солтүстік Қатпар» және «Жоғарғы Қайрақты» вольфрам жобасы бойынша мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алғанын жеткізді. Оның айтуынша, жобаға қатысуға мүдделі серіктестерге құжаттары жіберілген.
«Солтүстік Қатпар» және «Жоғарғы Қайрақты» вольфрам жобасы бойынша наурыз айының соңында мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алып, оны дереу келісімге қол қойылған барлық мүдделі серіктестерге жібердік. Бұл жобаны қазір бірнеше серіктес зерттеп жатыр”, – деді Шыршықбаев.
2018 жылы «Тау-Кен Самұрық» және қытайлық «Xiamen Tungsten» компаниясы Қарағанды облысындағы «Солтүстік Қатпар» және «Жоғарғы Қайрақты» кен орындарындағы нысандар құрылысына 755 миллион доллар инвестиция салады деп хабарланған болатын.
Сондай-ақ кен орындары базасында екі тау-кен байыту комбинаты мен тереңдетілген өңдеуге арналған бірыңғай гидрометаллургиялық кешен салынады деп жоспарланған. Кәсіпорындар жылына 2,6 және 6 млн тонна кенді байытып, өндіреді деген болжам жасалған.
«Солтүстік Қатпарда» – 2023 жылы, «Жоғарғы Қайрақтыда» – 2025 жылы өндіріс басталады деп жоспарланған. Нәтижесінде аммоний паравольфрамын, ал болашақта вольфрам ұнтағы мен вольфрам карбидін өндіріледі. Сондай-ақ молибден, висмут және мыс концентраттарын өндіру жоспарлануда.
Еске сала кетсек, Қазақстанда вольфрамның 12-ге жуық кен орны барланған. Олардың жалпы қоры 2 миллион тоннадан астам вольфрам триоксиді (кеңес жылдарында алынған тарихи деректер) деп бағаланады. Ең ірі және болашағы зор жобалар аталған – «Жоғарғы Қайрақты» және «Солтүстік Қатпар» (Қарағанды облысы). «Солтүстік Қатпар» қоры бойынша орташа болып саналады. Ал «Жоғарғы Қайрақты» әлемдегі ең ірі үш вольфрам кен орнының бірі.
«Тау-Кен Самұрық» АҚ 2009 жылы құрылған, мемлекеттің тау-кен активтерін біріктіреді және «Самұрық-Қазына» мемлекеттік қорының құрамына кіреді. Компания бұған дейін Қазақстанда вольфрам өнеркәсібін жандандыру туралы жоспарын жариялаған.