Мәжілісте депутат Николай Арсютин мас күйінде көлік жүргізгені үшін тағайындалатын әкімшілік жазаны жеңілдету мәселесін көтерді. Ол бұл жазаны бірінші жасаған жағдайда ірі көлемдегі айыппұл салу, қайтталанған кезде жүргізуші куәлігінен айыру мәселесін көтеру керек деген ұсыныс жасады.
Депутат соңғы кезде халықтан Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 1-тармақшасына қатысты көп өтініш келіп түсетінін, өтініштердің негізінен қарапайым азаматтардан келіп жатқанын айтты.
«Бұл бапта көлікті масаң күйде айдағаны үшін 15 тәулікке қамау және 7 жыл көлік жүргізу куәлігінен айыру жазасы қарастырылған. Талаптарды қатайту 2019 жылы мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылғанын білеміз. Бірақ бізге өтініш білдірген азаматтар қиын жағдайға тап болғанын айтып, өтініш білдіріп жатыр. Олар 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыру жазасын тым ұзақ деп санайды. Көптеген отбасының басында бірнеше кредиті бар. Автокөлік талайының негізгі табыс көзіне айналған», – деді депутат.
Осы орайда депутат мұндай заңбұзушылық бірінші рет тіркелген жағдайда ірі көлемдегі айыппұл салумен шектелсе деген ойын ортаға салды. Халық қалаулысы жүргізуші куәлігінен айыру жазасын екінші рет қайталанған кезде қолданған орынды деп санайды.
«Ескертейін бұл қоғамда өткір әлеуметтік мәселеге айналып барады. Осы орайда бір сұрағым бар. Заң қатайғалы оң өзгерістер байқала ма?», – деп сұрады.
Әділет министрі Азамат Есқараев бұл мәселені ғалымдармен, тиісті құзырлы органдармен ақылдасуға дайын екенін жеткізді. Десе де, масаң күйде немесе есірткі шегіп алып көлік жүргізгені үшін жазаны қатайту оң шешім болғанын атап өтті.
«Жалпы автокөлік қауіпті транспорттық нысан. Ал оған жүргізуші масаң күйде немесе есірткіге мастанып отырған кезде қауіп екі есе артады. Сол үшін бізде мұндай заң бұзушылық үшін қатаң жаза қарастырылған. Негізінен біздің министрлікке де азаматтардан осындай мазмұндағы өтініштер келіп түседі. Бұл мәселені қоғам белсенділері, ғалымдар, заңгерлердің қатысуымен ақылдаса отырып, жаңа форматта қарастыруға болатын секілді», – деді министр.
Ал ІІМ өкілі Игорь Лепеха жазаны жеңілдетуге қарсы шықты. Ол жыл сайын жолдарда мас күйінде көлік жүргізген жүргізушілердің кесірінен шамамен 500-ге жуық жол апаты тіркелетінін айтты. Мұндай апат салдарынан 100-ге жуық адам қаза тауып, 600-дей адам жарақат алады.
Ол 2018-2023 жылдар аралығындағы 6 жыл ішінде масаң күйде көлік жүргізудің 148 мың жағдайы тіркелгенін айтады. Ал өткен жылы 22 мың адам жүргізуші куәлігінен айырылған.
«Мен бұл талаптарды жеңілдетуге негіз жоқ деп санаймын. Мұндай шара бізге қажет. Егер адам көлік айдағанда ішпейтін болса, мұндай санкциялардың қатайғанына еш қарсылық білдірмейтін еді. Ал куәлігінен айырылған жүргізушілердің өтінішіне келер болсақ, оларға жазаны жеңілдету керек пе деген сұрақты мас күйде көлік жүргізген адамдардың кесірінен қаза тапқан адамдардың туыстарынан сұрау керек шығар», – деді Лепеха.
Сонымен қатар азаматтардан келіп түсетін өтініштерге талдау жасағанын, талдау барысында дәл кімнің және қанша рет өтініш білдіріп жатқаны туралы мәліметтер анықталғанын айтты. Айтуынша, бұл мәселені қайта-қайта көтеріп жатқан бір адамдар тобы.
«Біз мұндай өтінішпен кімнің жүгініп отырғанын жақсы білеміз. Шындығында, мұндай өтінішпен жүгініп жатқандар соншалықты көп емес. Бұл мәселені қайта-қайта көтеріп жатқан бір адамдар. Шетелде мұндай жағдайда жүргізуші куәлігімен қоса көлік құралын да тартып алып жатады. Сондықтан бұл жазаны жеңілдетуді қолдамаймын. Оның үстіне мас жүргізушілердің кесірінен болатын апаттар саны да азайған жоқ», –дейді Игорь Лепеха.
Өткен жылғы статистика бойынша 22 мың адам жүргізуші куәлігінен айырылған, ал ІІМ мақсатты рейд жүргізетін болса, бұл сан екі есе артады. Өйткені полиция жол ережесін бұзған көліктерді ғана тоқтата алады. ІІМ өкілі сол себепті анықталмай қалған жағдайлар көп болуы мүмкін деп топшылайды.
«Қоғамдық жұмыстарға тарту» сынды әкімшілік жазаның жаңа түрі
Сонымен бірге мәжілісте Әділет министрі Азамат Есқараев «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын таныстырды. Онда «қоғамдық жұмыстарға тарту» сынды әкімшілік жазаның жаңа түрін регламенттеу және оны орындау механизмін айқындалған.
Заң жобасында «қоғамдық жұмыстарға тарту» түріндегі әкімшілік жазаны орындау әкімдіктерге берілетіні айтылған. Оған сәйкес қоғамдық жұмыстардың түрлерін және қоғамдық жұмыстар орындалуы тиіс ұйымдардың тізбесін әкімдіктер айқындайды.
Министр «қоғамдық жұмыстар – бұл қоғамдық пайдалы еңбек, оның мақсаты құқық бұзушыны еңбек арқылы «тәрбиелеу» және қоғамдық қауіпсіздікке, жеке тұлғаға, басқару тәртібіне қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтардың қайталануын болдырмауға бағытталған алдын алу шарасы» екенін айтты.