«Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы ЕҚДБ қаражатына Арал өңіріндегі тұзды көлдердің суында литийдің бар-жоғын анықтау үшін зерттеу жүргізеді
«Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы («Самұрық-Қазынаның» еншілес ұйымы) Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) қаражатына Арал өңіріндегі тұзды көлдердің суында литийдің бар-жоғын анықтау үшін зерттеу жүргізеді. Бұл туралы компанияның кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі бас директоры Нариман Әбсаметов мәлімдеді.
«ЕҚДБ есебінен қаржыландырылады және біз сынамаларды (Арал өңірінің тұзды көлдерінен) алуды жоспарлап отырмыз, литийдің белгілі бір мөлшерін табуға тырысамыз. Білесіз бе, литий өндірісінің екі түрі бар. Біреуі – тұзды судан, екіншісі – кеннен», – деді ол MINEX-2024 форумы барысында.
Әбсаметов Қазақстан Оңтүстік Америка елдеріне ұқсайтынын атап өтті, мұнда литий тұзды ерітінділерден өндіріледі. Атап айтқанда, бұл металдың қоры бойынша әлемде бірінші орында тұрған Чилиде литий осылай өндіріледі.
«Бізде белгілі үлгілер болды және бұл үлгілер литийдің бар екенін дәлелдеді. Бірақ тағы айтамын, бәрі салыстырмалы», – деді ол.
Зерттеушілер жобаның өнеркәсіптік тұрғыдан дамуы үшін тұзды көл аймағында литийдің жеткілікті екенін дәлелдеуге тырысады. Жоба бойынша жұмыс алты ай бұрын басталған. Арал өңірінде литийді іздеу бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін ЕҚДБ 400 мың еуро (Ұлттық банктің қазіргі бағамы бойынша 190,7 миллион теңге) грант бөлді. Жоба екі жыл ішінде жүзеге асырылады.
Оның айтуынша, компания барлығы 15 серіктес компаниямен 50-ден астам тау-кен жұмыстарын жүргізуде. Бұған дейін «Тау-Кен Самұрық» түрлі геологиялық жобаларды жүзеге асырған тағы бір ұлттық компания «Қазгеология» компаниясына қосылды. Енді «Тау-Кен Самұрық» серіктестеріне мемлекеттік органдармен келіссөздер жүргізуде толық қолдау көрсетуге уәде беріп отыр.
Әбсаметов компанияны қызықтыратын негізгі металл ретінде алтынды атады. Бұл Астанада алтын өңдейтін «Тау-Кен Алтын» атты еншілес кәсіпорынның болуымен байланысты. 2013 жылы іске қосылған зауыттың бастапқы жобалық қуаты 25 тонна алтын және 50 тонна күміс болатын. Зауыт бұл үдеден 2019 жылы шығып, одан кейін жыл сайын жобалық қуатын асырып, 2022 жылы «Тау-Кен Алтын» 55,6 тонна алтын тазартты.
Бас директор компанияны қызықтыратын тағы бір металл ретінде мысты атады. Сонымен қатар, компания сирек және сирек жер металдарына қызығушылық танытып отыр.