Қазақстан мен Қырғызстан кәсіпкерлері 300 миллион долларды құрайтын құжаттарға қол қойды

Жарияланды (жаңартылды )
Қазақстан мен Қырғызстанның бизнес-топтары жалпы сомасы 300 млн долларды құрайтын коммерциялық құжаттарға қол қойды/gov.kz

Астанада өткен Қазақстан мен Қырғызстанның бизнес-форумы аясында екі елдің бизнесмендері жалпы сомасы 300 млн долларды құрайтын коммерциялық құжаттарға қол қойды. Онда күн электр станцияларын, ферроқорытпа зауытын, Қырғыз Республикасының аумағында тарату орталығын салу, ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу туралы және тағы басқалар салалардағы жобаларды іске асыру мәселелері қамтылмақ.

Іс-шараның ашылуына Қазақстан мен Қырғызстан премьер-министрлерінің орынбасарлары Серік Жұманғарин мен Әділбек Қасымалиев қатысты. Форумға машина жасау, өнеркәсіп, металлургия, құрылыс, логистика, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, инвестициялар, қызмет көрсету салаларымен айналысатын компаниялар қатысты. Бизнес-форумды ҚР сауда және интеграция министрлігі мен «QazTrade»сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ ұйымдастырды.

Бұған дейін Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер кабинеті арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге қол қою туралы қаулыны жария етті.

Құжатта екіжақты экономикалық ынтымақтастық негізінде теңдік және өзара тиімділік қағидаттарына негізделген бір мемлекеттің инвесторларының екінші мемлекеттің аумағындағы инвестицияларына қолайлы жағдай жасайтыны мәлім болды. Әрбір тараптың инвесторлары жүзеге асырған инвестициялар ерекше қорғалады.

Қазақстан мен  Қырғызстан – бірлесе экономикалық, стратегиялық даму жолын көздеген көршілес елдер. Су тасқыны басталғанда бауырлас ел қолұшын созудан сырт қалмады. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі Қырғызстан Қазақстанға 270 тонна гуманитарлық жүк жөнелткенін хабарлады. Қызғызстан министрлер кабинеті гуманитарлық көмек үшін 40 миллион сом бөлді.

2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қырғызстанның тауар айналымы алдыңғы жылмен салыстырғанда 26%-ға артып, 1,6 млрд долларға жетті. Қазақстандық экспорттың үлесі 69% немесе 1,1 млрд долларды құрайды (өсім 35,8%). Импорт – 495,2 млн, АҚШ доллары (өсім 9%).

Сондай-ақ оқыңыз