Жаңа ипотекалық мемлекеттік бағдарламалар тұрғын үй бағасын қымбаттатып жібереді – Halyk Finance
Жаңа ипотекалық мемлекеттік бағдарламалар бастапқы нарық пен ірі қалалардағы тұрғын үй бағасын қымбаттатып жібереді. Halyk Finance сарапшыларының пайымдауынша, мемлекет әлеуметтік баспана салу арқылы ипотека нарығындағы онсыз да үстем рөлін одан әрі нығайтып отыр.
Сарапшылардың есебінше, мемлекет әртүрлі бағдарлама арқылы тұрғын үй нарығына жыл сайын 450 млрд теңге қаржы құйып жатыр. Айталық, 2024 жылдың 1 мамыр айынан «Наурыз» мемлекеттік бағдарламасы басталады. Бұл бағдарлама тұрмысы төмен халыққа 7 пайызбен, басқаларына 9 пайызбен несие беруді көздейді. Одан бөлек, наурызда басталған «Отау» бағдарламасы арқылы биыл 150 млрд теңгеге жуық қаражат игеру жоспарланған. Сондай-ақ 2029 жылға дейін «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы (жыл сайын 100 млрд теңге) жұмысын жалғастырады. Осылайша, тұрғын үй нарығына жыл сайын нарықтағыдан екі есе төмен пайызбен 450 млрд ақша құйылады.
Мемлекеттің тұрғын үй нарығына миллиардтап қаржы құюы бір жағынан халықты баспанамен қамту мәселесін шешсе, екінші жағынан тұрғын үй бағасының қымбаттауына әсер етіп жатыр. 2021-2022 жылдары бастапқы нарықтағы тұрғын үй құны 20-25%-ға өссе, қайталама нарықтағы баға 35% қымбаттап кеткен. Нарықты пайызы төмен мемлекеттік бағдарламалармен қоса, зейнетақы қорынан шығарылған қаржы «қыздырды». Нәтижесінде халықтың әлеуметтік осал тобы мен орта тап үшін де баспана бағасы аспандап кетті.
Halyk Finance сарапшысы Мадина Кабжалялованың айтуынша, мемлекеттік бағдарламалар арқылы нарыққа қомақты қаржы құю салдарынан екінші деңгейлі банктер ипотека нарығынан ығыстырылып барады. Өйткені олар Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесінен екі есе төмен пайызбен ипотека бере алмайды. Соның салдарынан ЕДБ-ның ипотекалық бағдарламалары нарықта бәсекеге қабілетсіз болып тұр.
Ал ипотека нарығынан банктердің ығыстырылуы саладағы мәселені одан әрі тереңдетіп жебереді. Өйткені мембағдарламалар тұрғын үйге деген сұранысты толық өтей алмайды. Сондай-ақ әлеуметтік осал топтарға жатпайтын тұрғындардың қажеттілігі ескерусіз қалып отыр.
Мембағдарлама шартында үйді тек бастапқы нарықтан сатып алуға рұқсат етілген. Сарапшылар мұндай шектеу құрылыс компанияларын жанама қолдауға ұқсайтынын айтады.
2023 жылдың соңында тұрғын үйге кезекте тұрғандардың саны шамамен 646 мың адамды құраған. Орташа жылдық өсім қарқыны 6,9%-ды сақтаса, 2033 жылға қарай, баспанаға мұқтаждар қатары 1,3 млн адамға жетуі мүмкін. Ал мембағдарламалар шеңберінде жылына тең 25 мың адам үй ала алады.
«Бәйтерек» холдингі 839 млм теңгеге жергілікті әкімдіктердің облигациларын сатып алатынын хабарлады. Бұл қаржыға елімізде 7,6 млн шаршы метр тұрғын үй салынбақ.