Жаңалықтар

«Самұрық Қазына» қорының еншілес компаниясы ресейліктерге Атырау полипропилен зауытындағы үлесін сатқан

полипропилен
Коллаж: kursiv.media

«Самұрық-Қазына» қорының еншілес ұйымы – «Самұрық-Қазына Өңдеу» полипропилен зауытындағы үлесін ресейлік компанияға 83,6 млрд теңгеге сатқан.

Kazakhstan Petrochemical Industries Inc (KPI) ЖШС – Атырау облысындағы полипропилен өндіретін зауыт. Зауыт 2022 жылдың қараша айының басында іске қосылды. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 500 мың тонна полипропилен өндіруге жетеді. Шикізат ретінде Теңіз кенішінен өндірілетін пропан пайдаланылады. Зауыт құрылысы қатысушыларға 2,63 миллиард долларға түскен.

2024 жылғы 9 ақпанда KPI акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысында «СИБУР Холдингі» АҚ пайдасына KPI-ның 40% үлесін мемлекеттік қайта тіркеу туралы шешім шығарған.

KPI-дағы 40% үлесті ресейлік холдингке сату туралы келісімге 2022 жылдың қарашасында қол қойылған. Бұл ретте ресейлік компанияның үлесі осы уақыт бойы «Самұрық-Қазынаның» балансында тұрған. Өйткені «сату шартында мәміле жабық деп жарияланғанға дейін орындалуы керек белгілі бір шарттар» болған.

«Самұрық-Қазына Өндеудің» қаржы есебінде 40 пайыздық үлес үшін сыйақы 180 миллион долларды (83,6 млрд теңгеге тең) құрайтыны атап өтілді. Сома төлем кестесіне сәйкес, 2026 жылдың 30 қарашасына дейін бөліп төленуге тиіс. Инвестициядан сатуға бағытталған активтерге ауыстырылған 40% қатысу үлесінің баланстық құны 99,1 млрд теңгеге бағаланған

Келісім жабылған соң, бірлескен кәсіпорындағы үлесі 49,5 пайыздан 9,5 пайызға дейін азаяды. Келісімге сәйкес, KPI құрылымыдағы иелік ету үлесінің 49,5%-ы «ҚазМұнайГаз» АҚ-ға, 40%-ы «СИБУР» холдингіне, 9,5%-ы «Самұрық-Қазына» қорына, 1%-ы «Фирма Алмэкс Плюс» ЖШС-не (жеке инвестор, ALMEX холдинг тобы) тиесілі.

«Самұрық-Қазына Өндеу» компаниясы 2008 жылы құрылған. Жалғыз акционері -«Самұрық-Қазына» қоры. Ол ҚР Үкіметіне тиесілі.

Бұған дейін ресейлік «Татнефть» мұнай компаниясы Бутадиен жобасындағы 100% Қазақстанмен бірлесіп иелік ететіні белгілі болған.