Су тасқыны аймағында құтқарушыларға қандай жағдай жасалған?
Қазақстанның 6 облысында су тасқынына қарсы күресіп, құтқару жұмысымен айналысып жатқан құтқарушыларға аймақтарда қандай жағдай жасалған? Бұл туралы «Курсивтің» ресми сауалына Төтенше жағдайлар министрлігі жауап берді.
Министрлік ақпаратына сүйенсек, қазіргі таңда жеке құрамның 1 931 қызметкері Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, БҚО, СҚО, Атырау облыстарында құтқару жұмыстарымен айналысып жатыр. Негізгі күштер Қостанай облысында 380, Атырау облысында 294, Солтүстік Қазақстан облысында 276, Батыс Қазақстан облысында 177, Ақмола облысында 162, Ақтөбе облысында 25 құтқарушы жұмыс істеп жатыр.
Алайда Төтенше жағдайлар министрлігі құтқарушыларды аймақтарға бөлгеннен кейін, оларды орналастыру немесе қажетті заттар мен азық-түлік қамтамасыз ету жұмыстарымен айналыспайтынын айтады. Өзге өңірлерге іссапарға аттанған азаматтар 3 тәулікке қажетті заттармен қамтылады да, олардың әрі қарай толыққанды қамтылуы жергілікті әкімдерге жүктеледі. Әкімдіктер құтқарушыларға жағдай жасау туралы шешімді өздері қабылдайды.
Құтқару жұмыстары кезінде министрлік тек техникалық жабдықтарға жауапты болады. Яғни авиациялық және өзге де көлік құралдарымен қамту, оларға жанар-жағармай құю министрлікке берілген мемлекеттік бюджеттен қамтылады.
Су тасқынынан кейін құтқарушыларға сыйақы төлеу мәселесі де нақты шешілмеген. Себебі «тасқынға тосқауыл қою кезінде лауазымдық міндеттерді үлгілі орындаған қызметкерлерге берілетін сыйлық ақы мөлшері бюджеттік қаржыны үнемдеу есебінен айқындалады». Тек өзге аймақтардан келген құтқарушылардың қызметтік іссапарға арналған шығындары өтеледі.
Осыған дейін 2 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысына Түркістан облысынан келген құтқарушы қайтыс болғаны белгілі болған. Министрлік ақпаратына сүйенсек, қазір Түркістан облыстық ТЖД әскери-дәрігерлік комиссиясы осы факті бойынша тексеру жүргізіп, оның қайтыс болу себебін анықтап жатыр. Егер оның өз қызметін орындау кезінде қайтыс болғаны белгілі болса, оның мұрагерлеріне 60 айлық еңбекақысы төленетін болады.