Жаңалықтар

QazaqGaz бен “Газпром” Ресей газын Өзбекстан мен Қазақстанға жеткізу жөніндегі келісімшартқа маусым айында қол қояды

QazaqGaz «Газпроммен» екі ұзақ мерзімді келісімшарт жасасады / коллаж kursiv.media

2024 жылдың маусым айында QazaqGaz ұлттық компаниясы «Газпроммен» екі ұзақ мерзімді келісімшарт жасасады. Біріншісі, Ресей газын Қазақстан арқылы Өзбекстан бағытында тасымалдауға байланысты. Екіншісі, Қазақстан Республикасына ресейлік газ жеткізуге бағытталған. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» қоры «Курсивтің» сауалына берген жауабында хабарлады.

Ресей газы Өзбекстанға «Газпром» мен QazaqGaz арасында 2023 жылдың жазында жасалған екі жылдық келісімге сәйкес жеткізіледі. «Орталық Азия – Орталық газ» құбыры арқылы тасымал 2023 жылдың қазан айында басталды. Транзит жылына 3,3 млрд текше метрді құрайды.

Енді компаниялар транзит көлемін біртіндеп жылына 11 миллиард текше метрге дейін жеткізу үшін ұзақ мерзімді келісімшарт жасасуды көздеп отыр. Бұл қазіргі деңгейден үш есе көп. «Самұрық-Қазына» оның мерзімін нақтыламады, бірақ «Газпром» бұдан бұрын 15 жылдық шарт жасалатыны жайлы хабарлаған еді.

Қазақстанға келетін болсақ, қарашада Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев елдің әзірге Ресейден газ сатып алуды жоспарлап отырмағанын мәлімдеді. Бұған дейін премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Мәскеумен 3 миллиард текше метр газ жеткізу туралы алдағы келісімдер туралы хабарлаған болатын.

Ресей газын сатып алған жағдайда Омбыдан келетін болашақ құбыр арқылы Қазақстанның әлі газ тартылмаған солтүстік және шығыс облыстарына жіберуге болады деп жоспарлануда.

«Самұрық-Қазынаның» жауабында Қазақстанның газ экспортын тоқтатуды жоспарлап отырмағаны айтылған. 2023 жылы ел Қытайға 5,8 текше метр газ тасымалдады. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 15,5% жоғары. Республика экспорттан 1,5 млрд доллар тапты.

Бұл ретте Қазақстан Украина мен Түркияға көгілдір отын жеткізген жоқ. Дегенмен 2022 жылы бұл елдердегі газ экспорты тиісінше 108 млн және 85 млн текше метрді құраған. Экспорттық кіріс – тиісінше 13,5 млн және 10,6 млн доллар болған.

«Ішкі нарықтағы тауарлық газға деген сұранысты қанағаттандыру экспортқа қарағанда басымдыққа ие. Жылыту маусымында, тұтынудың ең жоғары кезеңінде экспорт көлемін азайту арқылы ішкі газ қажеттілігін толық қанағаттандыруға болады. Газды экспорттау қалдық қағидаты бойынша жүзеге асырылады», – деп хабарлады Қор.

2023 жылы QazaqGaz компаниясы газды ішкі нарықта өз құнынан төмен сату арқылы 175 миллиард теңге шығынға ұшырады. Компанияның басқарма төрағасы Санжар Жаркешовтің айтуынша, бүгінде газ бағасына қатысты реформалар әзірленуде.

Айта кетейік, QazaqGaz-дың IPO-сы 2025 жылға жоспарланған. «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов бұған дейін хабарлағандай, акцияларды орналастырмас бұрын компанияның тариф саясаты мәселесі шешілуі тиіс.

QazaqGaz – «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ портфельдік компаниясы. Компания тауарлық газды газ құбырлары мен газ тарату желілері арқылы тасымалдаудың орталықтандырылған инфрақұрылымын басқарады, халықаралық транзитті қамтамасыз етеді және газды ішкі және сыртқы нарықтарда сатады.