Ақтөбе облысының су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарына жарты миллиард теңгеге жуық бір реттік төлем берілген
Ақтөбе облысының су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарына жарты миллиард теңгеге жуық бір реттік төлем берілген. Бұл жайлы Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша өңірде су тасқынынан зардап шеккендерге жан-жақты көмек беру шаралары тоқтамаған. Әкімдік Мемлекет басшысының тапсырмасымен табиғи апат салдарынан жапа шеккен тұрғындарға барынша қолдау көрсетілетінін хабарлайды.
Қазіргі уақытта қиын жағдайға тап болған отбасыларды қолдау мақсатында жергілікті әкімдік тарапынан бір реттік төлем беріліп жатыр.
«Беріліп жатқан біржолғы төлем бүгінде 457 млн 346 мың теңгені құрады. Оны 1408 отбасы алды», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Тұрғындардан өтініш қабылдау жұмыстарын өңірдегі жұмыспен қамту бөлімдері жүзеге асырып жатыр. Әкімдіктің хабарлауынша, әр бөлім мамандарына бір күнде 140 өтінішке дейін түсіп жатыр.
Айта кетейік, Ақтөбе және Әйтеке би ауданының тұрғындары үшін бұл төлем мөлшері 300 мың теңге. Қалған аудандардың тұрғындары үшін бұл төлем 369 200 теңгені құрайды.
Сонымен бірге Ақтөбе облыстық мәслихатының шешімімен су тасқынынан зардап шеккен өңірді қалпына келтіруге жергілікті бюджеттен 10 млрд теңге бөлінеді.
Өңірдегі су тасқынына қатысты ахуал
Өңірде бірнеше өзендерде су деңгейі көтерілуі мүмкін. Осыған орай Мұғалжар, Қобда, Темір, Ойыл, Әйтеке би, Ырғыз аудандарында, Ақтөбеде жергілікті ауқымдағы 7 Төтенше жағдай жарияланған.
Ақтөбе облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау бөлімінің бас маманы Әсет Айтжановтың айтуынша, Ырғыз ауданы бойынша 5 елдімекенде: Мамыр, Нұра, Құйлыс, Жайсанбай, Белшер кенттерінде су басу қаупі бар. Осыған орай елдімекендерде бөгеттер тұрғызылып жатыр.
«Қазіргі уақытта Мамыр ауылында егу іс-шараларын өткізу кезінде ұзындығы 3 км, ені 4,5 м және биіктігі 2,5 м бөгет, Жайсанбай ауылында ұзындығы 3 км, ені 5 м және биіктігі 2,7 м бөгет салынды, Нұра ауылында ұзындығы 5 км, ені 4 м және биіктігі 3,5 м бөгет нығайтылды, Құйлыс ауылында ұзындығы 2,5 км, ені 4 м және биіктігі 3,5 м бөгет, Белшер ауылында ұзындығы 1,5 км, ені 3,5 м және биіктігі 3 м бөгет тұрғызылды, жұмыстар жалғасуда», – дейді Айтжанов.