Су тасқынына байланысты 600-ден астам мұнай ұңғымасы жұмысын тоқтатқан: елде жанармай тапшылығы болуы мүмкін бе?
Өңірлердегі су тасқынына байланысты елдегі мұнай компанияларының 634 ұңғымасы жұмысын тоқтатқан. Бұл жайлы Энергетика министрлігі хабарлады.
Министрліктің хабарлауынша, Ақтөбе және Атырау облыстарының бірқатар мұнай өндіруші кәсіпорындарында 634 ұңғыманың жұмысы тоқтатылған. Ал мұнай өндірудің жалпы шығыны 16 мың тоннаны құраған.
«Бүгінгі таңда 141 ұңғыманың жұмысы қалпына келтірілді, әлі де 493 ұңғымада өндіру тоқтап тұр. Ақтөбе облысында 489 ұңғыма тоқтатылды. Оның ішінде – «СНПС – Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның 440 ұңғымасы, «ҚМК Мұнай» АҚ-ның – 25 ұңғымасы, «Фирма Ада Ойл» ЖШС-нің 24 ұңғымасы уақытша жұмыс істеп тұрған жоқ. Ал Атырау облысында 4 ұңғыма тоқтатылды. Олар – «Ембімұнайгаз» АҚ-ның 3 ұңғымасы мен «5А Ойл» ЖШС-нің 1 ұңғымасы», – деп хабарлайды министрлік.
Министрлік мәліметінше, өңірде қалпына келтіру, су тасқынының алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге су тасқыны қаупі сейілмеген Атыраудағы мұнай өңдеу зауытын су тасқынынан сақтау үшін тиісті шаралар қабылданып жатқаны айтылған.
«АМӨЗ қалыпты пайдалану режимінде жұмыс істейді-мұнай өңдеу тәулігіне 15,9 мың тоннаны немесе 95% құрайды. Су тасқынына қарсы іс-шаралар және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл бойынша жедел жұмысты ұйымдастыру мақсатында Атырау МӨЗ жедел штабы құрылды және жұмыс істейді», – делінген министрлік хабарламасында.
Зауытты су тасқынынан қорғау мақсатында алдын ала су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізілген. Қар шығарылып, өндірістік кәріз тазаланған. Зауыт маңына бөгеттер тұрғызылған. Сондай-ақ 700-ге жуық зауыт қызметкері Атырау маңында жағалауды нығайту жұмыстарына жұмылдырылған.
Ал егер алда-жалда АМӨЗ жұмысына тасқын су кедергі келтіретін болса, «ел бойынша жинақталған және үздіксіз толықтырылатын жанар-жағармай қорлары бар».
Министрлік мәліметінше, елдегі автобензин қоры – 480 мың тоннаны құрайды. Бұл қор 33 күнге жетеді. Авиаотын 56 күнге жетеді, 107 мың тонна бар. Ал дизель отынының қоры 610 мың тонна, 39 күнге жетеді деп есептелген. Сонымен бірге сәуір айының соңында жоспарлы жөндеуден кейін Шымкент МӨЗ-і іске қосылады. Бұл қажетті отын қорын жинауға мүмкіндік бермек.
Еске сала кетсек, Атырау қаласы аумағындағы Жайық өзені суының деңгейінің көтеріледі деп болжануда. Соған байланысты «КҚК-К» АҚ-ның арнайы техникасы Каспий құбыры консорциумы, «ҚазТрансОйл» АҚ, «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» нысандарын қорғау үшін бөгеттер салып жатыр.
Консорциум су тасқынына қарсы күресу үшін 250 миллион теңге бөлген. Бұл қаражатқа 4 сәуірден бастап Жайық өзенінің жағалауын нығайту, бөгет салу және қалпына келтіруге бағытталған жұмыстар атқарылған.
Ал мұның алдында Каспий құбыр консорциумы өзінің өндірістік нысандарының су тасқынынан зардап шекпегенін мәлімдеген.