Жаңалықтар

Қазақстандықтар үш өңірдегі су тасқыны жағдайын Sergek камералары арқылы онлайн бақылай алады

су тасқыны жағдайын
Су тасқыны жағдайын gov.kz порталынан бақылауға болады / Фото: kursiv.media

Қазақстандықтар су тасқыны жағдайын онлайн бақылай алады. Бұл жайлы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Министрліктің хабарлауынша, кез-келген адам су тасқыны қаупі жоғары елдімекендердің жағдайын онлайн режимде көре алады. Өңірлерде су тасқыны қаупі жоғары нүктелерге Sergek VMS кешенді бейнебақылау жүйесі орнатылған. Оның көмегімен қазақстандықтар нақты уақыт режимінде Атырау облысы мен Атырау, Орал, Қостанай қалаларындағы жағдайды бақылуға болады.

Бұл камералар арқылы расымен де бөгеттер, бекіністер салу бойынша нақты уақыттағы жұмыс барысын көруге болады. Министрлік мұндай шаралар өңірге мониторинг жүргізуге, солайша жедел әрекет етіп, маңызды шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретінін жеткізді.

«Еліміз үшін осындай қиын кезеңде өз тарапымыздан су тасқынына қарсы шараларға үлесімізді қосып жатырмыз. Енді әрбір азамат онлайн-трансляция арқылы Орал, Атырау, Қостанай қалаларындағы су тасқынына дайындық бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды тексере алады», – деді  Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

gov.kz порталына Атырау қаласы мен Атырау облысы бойынша 22 камера, Орал қаласы бойынша 6 камера және Қостанай қаласынан 6 камера қосылған. Барлығы да онлайн режимде істеп тұр. Sergek Group бұлайша онлайн түрде хабар тарату тетігін Sergek аппараттық-бағдарламалық жүйелері жұмыс істейтін басқа қалаларда да іске асыруға мүмкіндік бар екенін мәлімдеді.

Сондай-ақ Sergek Group, Freedom Telecom және ҚР ЦДИАӨМ-мен бірлесіп Индер ауданының Индер кентінде, Махамбет ауданының бірнеше ауылдарында, Дамба кентінде және Атырау қаласының Зарослый шағын ауданында қашықтан мониторинг жүргізу үшін камералар орнатқан.

Су тасқынына қатысты өңірлердегі жағдай

ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаштың айтуынша, қауіпті өңірлерде авариялық-құтқару жұмыстары мен су тасқынына қарсы іс-шаралар, су тасқыны салдарын жою жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Жүргізілген су тасқынына қарсы іс-шаралардың нәтижесінде 18 651 адам өз үйлеріне оралды. Су тасқыны басталғалы бері барлығы 117 694 адам, оның ішінде 43 931 бала құтқарылып, эвакуацияланды. 113 852 ауыл шаруашылық жануары қауіпсіз жерге айдалды», – деді Сайпаш.

6 887 адам, оның ішінде 3 166 бала эвакуациялау пункттерінде тұрып жатыр. Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 5 718 жеке тұрғын үй, 1 130 аула аумағы су астында қалған.

Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 44 156 адам, 4 611 техника, 860 су сору құралы, 332 жүзу құралы, 18 әуе кемесі жұмылдырылған.