Сенат Қазақстан мен Түркия арасындағы жүк тасымалдары қатынасын реттейтін келісімді ратификациялады

Жарияланды
Қазақстан мен Түркия
Қазақстан мен Түркия арысындағы сауда айналымы 6 млрд долларға жуықтаған / Фото: kursiv.media

Сенат депутаттары Қазақстан мен Түркия арасындағы жүк тасымалдарына қатысты келісімді ратификациялады. Бұл заң екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты арттыруды көздейді.

Соңғы мәліметтерге сүйенер болсақ, екі ел арасындағы тауар айналымы бүгінде 6 млрд долларға жеткен. Оның ішінде экспорт көлемі 3,6 млрд доллар, ал импортталған түркиялық тауарлар көлемі 2 млрд долларға жеткен. Жалпы Қазақстанмен тауар айналымының көлемі бойынша Түркия 5-ші орында. Ал бірінші орында 31,5 млрд доллармен Қытай тұрса, одан кейін 26 млрд доллармен Ресей, 16,1 млрд доллармен Италия және 6 млрд доллармен Оңтүстік Корея тұр.

«Бүгінге дейін Түркияның Қазақстанға салған тікелей инвестициясының көлемі 5 млрд долларға жуықтаған. Алдағы жылдары бұл көрсеткішті 10 млрд долларға жеткізу жоспарланып отыр. Осыған орай екі ел арасында жүзеге асырылатын тасымалдарды заңнамалық реттеу қажеттілігі өзекті деп есептейміз», – деді депутат.

Бұл құжат Қазақстан мен Түркия арасында әртүрлі көлікті пайдалана отырып, халықаралық жүк тасымалдарын жеңілдетуді, сонымен қатар екі ел арасындағы  транзиттік және сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуды көздейді. Сондай-ақ кедендік рәсімдеу ережелерін есепке ала отырып, екі ел арасындағы жүктерді халықаралық тасымалдау шарттарын айқындайды.

Келісім шеңберінде тараптар басқа көлік түрлерімен қатар Каспий теңізінде тұрақты жол-паромдық операцияларды да жүзеге асырмақ.

Бұл құжат жүк тасымалдаумен айналысатын компаниялар санының артуына да оң әсер етеді деп күтілуде. Сонымен бірге келісімді орындаудың барлық мәселесін реттеу мақсатында, тасымалдарды дамыту жөніндегі Бірлескен комитет құрылады.

«Халықаралық сауда мен көліктік-логистикалық жүйелерді дамыту шеңберіндегі Қазақстан мен Түркияның ынтымақтастығы елдерге транзиттік бағыттарды қоса алғанда, жаңа көлік бағыттары бойынша бірқатар перспективаларды аша отырып, шекараны кеңейтуге мүмкіндік береді. Айта кету керек, бүгінгі таңда Қазақстан мен басқа мемлекеттер арасында ұқсас келісімдер жасалмаған», – дейді депутат Серік Шайдаров.

Түркияға негізінен мұнай, мырыш, көмір, табиғи газ, мыс, алюминий және басқа да тауарлар экспортталады. Импорт құрылымында автомобиль корпустары, қозғалтқыштар, киім, күнбағыс тұқымдары және тағы басқа тауарлар бар.

«Түркия Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктесі екені белгілі. Қазіргі таңда бауырлас екі ел арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. Екі жақты сауданы арттыру үшін транзиттік тасымалдық әлеуетті күшейту аса маңызды. Қаралған келісім осы мақсатты көздейді. Құжат екі мемлекет арасында жүктерді өткізу және қабылдау рәсімдерін оңтайландыруға арналған. Заңда осы бағыттағы өзге де бірлескен іс-қимыл шаралары қарастырылды. Мақұлданған заң екі мемлекет арасындағы сауд-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуыға оң серпін береді деп сенеміз»,  – деді Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік 2022 жылы екі ел 6,3 млрд доллардың тауарын алмасқан. Сыртқы істер министрлігінің мәліметі бойынша, 2005-2022 жылдар аралығында түрік компаниялары Қазақстандағы жобаларға 4,5 млрд доллар инвестиция құйса, Қазақстан инвесторлары түрік жеріндегі жобаларға 1,1 млрд доллар қаржы жұмсаған.

Сондай-ақ оқыңыз