Қуандық Бишімбаев судьяға телефонының құпиясөзін айтуға келіспеді

Жарияланды (жаңартылды )
бишимбаев
Фото: facebook.com/Қуандық Бишімбаев

Астана сотында экс-министр Қуандық Бишімбев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты қылмыстық іс жалғасып жатыр. 18 сәуірдегі сот отырысында сотталушы Бақытжан Байжановтың ұялы телефонындағы деректер тексерілді. Содан кейін Бишімбаевтың телефонын зерттеу жоспарланған. Алайда Бишімбаев телефонының құпиясөзін тек өз қорғаушысына айтатынын жеткізді.

«Телефоныңыздың құпиясөзін қандай мақсатта бергіңіз келмейді?», – деп сұрады судья Айжан Құлбаева.

Қуандық Бишімбаев құпиясөзді тек өз қорғаушысына беруге дайын екенін айтып, мұны телефонында іске қатысы жоқ деректердің бар екенімен түсіндірді.

Судья телефондағы деректердің тағылған айыпқа қатысты тұсы ғана зерттелетінін айтқанымен, сотталушы пікірін өзгертпеді.

«Сот процесі барысында телефоныңыздың құпиясөзін беретініңізді, Салтанат екеуіңіздің әңгімеңізді бәрі көретінін, бұл қылмыстық құқық бұзушылықты жасамағаныңызды бірнеше айттыңыз. Енді осы әрекетіңізге қарап ұстанымыңыз өзгеріп, судьяға телефоныңыздағы деректерді көруге рұқсат бермей отырсыз ба?», – деп нақтылады судья Құлбаева.

«Жоқ, мен құпиясөзді тек қорғаушыма айтамын, ол телефонды ашқан соң, ішіндегі деректерді қарай аласыз», – деп жауап берді Бишімбаев.

Алайда судья Құлбаева тараптардың пікірін тыңдай келе, құпиясөз судьяға хабарлануға тиіс екенін және оның қылмыстық іс материалдарына қосылатынын айтты. Сотталушының телефонның құпиясөзін беруден бас тартқанына байланысты сот тергеуінің келесі кезеңіне өтетінін жеткізді.

17 сәуірдегі сот отырысында қылмыстық іс бойынша куәгер – марқұм Салтанат Нүкенованың құрбысы Аида Ахмедина екінші рет қатысты.

Бұған дейінгі сот отырысында Ахмедина мен марқұм Нүкенова арасындағы хаттар оқылған еді. Алайда Бишімбаевтың адвокаттары екеуара әңгімені іс материалдарына қоспауды сұрады. Әңгіменің қолдан «жасалмағанын» растау үшін мемлекеттік айыптаушылар куәгерді тағы бір рет сот залына шақырған.

Нүкенова құрбысына жазған хаттарында Қуандық Бишімбаевтың әрекеті мен психологиялық жағдайы туралы айтқан.

Келесі сот отырысы 22 сәуір сағат 10:00-де өтеді.

Сондай-ақ оқыңыз