Су тасқынынан зардап шеккен 5 803 отбасына 2 млрд теңгеден астам біржолғы төлем берілді

Жарияланды (жаңартылды )
су тасқыны
5 803 отбасына жалпы 2 млрд теңгеден астам біржолғы төлем берілді /Фото: Sarinform.ru

Қазіргі уақытта су тасқынынан зардап шеккендерге әлеуметтік көмек көрсетілуде. Бүгінге дейін елдегі 5 803 отбасына 100 АЕК немесе 369 200 теңге көлемінде жалпы сомасы 2 млрд теңгеден астам біржолғы төлем берілді. 877 отбасына материалдық шығын үшін жалпы 380 млн теңге өтемақы төленді. Суға кеткен мал ақысын сұрағандарға 38,9 млн теңге бөлінді.

Өңірлік комиссияларға Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Абай және Ұлытау облыстарының тұрғындарынан 13 577 өтініш келіп түскен. 

18 сәуірдегі жағдай бойынша су тасқынынан жарамсыз болып қалған 2602 тұрғын үй тексерілді. 1499 үйге бағалау жүргізілді. Соның нәтижесінде 794 үйдің жөндеуге келетіні, 701 баспананың мүлдем жарамсыз екені анықталды. Қазіргі уақытта 197 отбасына баспанасын жөндеу үшін 218,6 млн теңге өтемақы төленді. 33 отбасына қираған үйдің орнына жаңа баспана және пәтерлер берілді. 

primeminister.kz

Үш облыста үй құрылысы басталды

Павлодар, Қарағанды және Ақтөбе облыстарында тұрғын үйлердің құрылысы басталды. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев сәуір айының басында су тасқыны салдарынан қираған үйлерді қайта салуға мемлекет бюджеттен әр үй үшін 22 млн теңге бөлетінін айтқан еді.

«Алдымен жергілікті бюджеттен, жетпеген жағдайда республикалық бюджеттен қаржы бөлеміз. Бір үйдің құнын 22 млн теңге деп бағалап отырмыз. Бұл 2 пәтерлі 80 квадрат метр үйдің құны. Яғни бір квадрат метр үшін 281 мың теңге деп есептелген», – деді министр.

Үкімет табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды өтеу қағидаларын бекітті. Бекітілген алгоритмге сәйкес шығынды өтеу үшін тұрғындар апат басталған күннен бастап, күнтізбелік 30 күн ішінде өтініш білдіруі керек.

Жәбірленушінің өтініш жазуға мүмкіндігі болмаған жағдайда, оның туыстары немесе сенімхат негізінде өзге де адамдар өтініш білдіре алады. Сондай-ақ егер жәбірленуші кәмелеттік жасқа толмаған болса, оның орнына заңды өкілдері өтінішпен жүгіне алады.

Келтірілген залалды өтеу туралы өтінішке зардап шегуші адамның жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, табиғи сипаттағы ТЖ режим кезінде адамның жоғалған немесе бүлінген мүлкінің тізбесі қоса беріледі.

Кейбір өңірде бірреттік төлем мөлшері көбейді. Мәселен, БҚО-да ТЖ басталғанда тұрғыдарға 184 600 теңге төлесе, жуырда төлем мөлшері 369 200 теңгеге артты.

Сондай-ақ оқыңыз